Ақтөбе облысында олимпиадаға бара жатқан мұғалім мен екі оқушының жол апатынан қаза тапқан болатын.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында үш жолаушы қаза тапқан қайғылы жол апатына қатысты мектеп мұғалімі қамауға алынды. Ол балаларды тасымалдап келе жатқан көлікті басқарған, деп жазады stan.kz.
Күні кеше мұғалім мен екі мектеп оқушысы жол апатынан көз жұмған еді. Полиция басқармасы аталған оқиғаға қатысты көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
Желтоқсанның 19-ы күні сағат 8.30 шамасында Самара-Шымкент тас жолының Құрылыс ауылы маңында "Toyota Alphard" көлігі мен "Volvo" жүк көлігі соқтығысқан еді. Қайғылы оқиға салдарынан "Toyota Alphard" көлігінің жолаушылары – мұғалім мен екі оқушы оқиға орнында көз жұмды.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында олимпиадаға бара жатқан мұғалім мен екі оқушының жол апатынан қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз.
Сондай-ақ полицияның балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғағаны хабарланған болатын. Көлікте барлығы бес бала болған, үшеуінің миы шайқалған, көгерген, сырылған, өмірлеріне қауіп төнген жоқ.