Ақтөбе облысында шегіртке қаптап кетті

0
392

​Қазір облыс бойынша алты бірдей ауданда улау жұмыстары жүріп жатыр.


Ақтөбе облысында шегіртке қаптап кетті

ERNUR.KZ. Аймақтың алты бірдей ауданының тұрғындар әбден әбігерге түскен. Әсіресе, шалғайдағы елді мекенде тұратындар жәндіктің үйге дейін кіріп кеткенін айтып дабыл қағуда. Аптап ыстықта үйірлі шегіртке топтасып үйдің қабырғаларын тұтас басып алған, деп жазады inbusiness.kz.

Биыл шегіртке көбейген аудандардың бірі – Әйтеке би ауданы. Соның ішінде Аққұм, Сарбұлақ секілді құмды ауылдарда жәндік жұмыртқасын құмға салып, артынша тез тарапты. Аудандық әкімдіктегілер жәндіктермен күрес жұмыстарына ұшақты та жұмылдырғандарын айтып отыр.

"Аудан бойынша 444 мың гектардан астам жерді өңдеу жоспарланған. Соған қазір АН-2 ұшағы, дельтаплан, арнайы 4 көлікті жұмылдырдық. Құмды ауылдарда шегіртке көп байқалды. Ондай жерлерге көлік бара алмайтын болғасын, ұшақты жібереміз. Биыл жер өңдеу көлемі салыстырмалы түрде алғанда көп. Былтыр мысалы, 220 мың гектар өңделді. Улау жұмыстары нәтижесін беруі үшін күн тынықта жұмыс істеу керек", – деді Әйтеке би ауданы әкімінің міндетін атқарушы Арман Алдаберген.

Аумақтық инспекциядағылар үйірлі шегірткені дернәсіл кезінде химиялық өңдеу жасау керек екенін айтады.

Қазір облыс бойынша алты бірдей ауданда улау жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар үйірлі шегіртке 600 мыңан астам га жерге жайылады деп болжаған.

"Жәндіктерді улау жұмыстары үшін 11 жер үсті желдеткіш бүріккіш,10 аэрозольдық генератор, 3 АН-2 ұшағы, 3 аса жеңіл ұшақты жұмылдырдық. Химиялық өңдеу жұмыстары қатаң бақылауда", – деді облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы Арыстан Жақыбаев.