Ақтөбеде «7-20-25» бағдарламасымен 446 адам жаңа пәтер иеленді

0
982

Бұл - бағдарламаға қатысуға өтініш бергендердің жартысынан астамы.


Ақтөбеде «7-20-25» бағдарламасымен 446 адам жаңа пәтер иеленді

ERNUR.KZ. Ақтөбеде «7-20-25» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда, деп жазады «Хабар 24».

Оның аясында осы уақытқа дейін 446 адам жалпы сомасы үш млрд теңгеден асатын жаңа пәтерлерге ие болған. Бұл - бағдарламаға қатысуға өтініш бергендердің жартысынан астамы. Тұрғындарды баспанамен қамту үшін қазір өңірде банктер мен құрылыс компаниялары бірлесе жұмыс істеуде.

Қайрат Саматұлы мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болғанына қуанышты. Себебі, отбасымен бірге он жылға жуық пәтер жалдап, кейін бау-бақша ұжымында тұрақтаған ол жаңа үйге қол жеткізу тек арман болғанын айтады. Алайда үміті алдамады. Тиісті ұйымдарға берген өтініші тез қаралып, екі бөлмелі баспананың иесі атанды.

- Мынау менің үйім. «7-20-25» бағдарламасымен алып, осы үйде тұрып жатырмыз. «7-20-25» бағдарламасы өте сондай тиімді бағдарлама. Сол енді адамдарға айтатыным, өзім сияқты баспаналы болсын. Тілектеспін. Осында өз отбасыммен көшіп келіп тұрып жатқан жайымыз бар, - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Қайрат Саматұлы.

Бағдарлама іске асқалы бері 806 ақтөбеліктен өтініш түссе, оның 50%-тен астамы қалаған пәтерлеріне қол жеткізген. Үй құнының алғашқы 20%-ін салып, қалған соммасын 25 жылға дейін төлеуге болатыны да кеңінен түсіндірілуде. Әрі жылдық үстемеақысы 7%-тен аспайды. Ал Ұлттық банктің бағдарламаға енгізген өзгерісіне орай биылдан бастап бастапқы жарнаны әлдеқайда көбірек салуға да болады. Нәтижесінде төлеу мерзімі де қысқарады.

- Бүгінгі таңда 446 берілген арыз бойынша несие берілген. Яғни 446 адам жаңа пәтерге ие болды деп айтуға болады. Бұл пәтерлердің жалпы сомасы 3 млрд 800 млн теңгеден асады, - деді ҚР Ұлттық банкінің АОФ бөлім басшысы Жанар Айтбай.

«7-20-25» бағдарлдамасы аясында бүгінде 8 банк өтініш берушілермен жұмыс істеуде. Оларға пәтер беру үшін 11 құрылыс компаниясы жергілікті атқару органдармен меморандумға отырған. Сондықтан да «баспана бөлуде қиындық жоқ» дейді мамандар. Оған қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасы да тиімді бола түсті.

- Бүгінгі күнде «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Сол арқылы бұрын әкімдіктер салған үйлерді кім ала алатын? Бұл үйлерді салымшылар, кезекте тұрғандар алатын. Бүгінгі күні осындай өзгерістер енгізілгеннен кейін осы жаңадан салынып жатқан үйлерді біздің қарапайым азаматтар ала алады, - деді «Баспана» ипотекалық ұйымының аймақтық директоры Гүлнар Дабылов.

Бағдарламаны іске асыру бойынша Ақтөбе облысы елдегі таңдаулы өңірлердің қатарында келеді. Биыл аймақта 800 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланған.