Былтыр Ақтөбенің Қопа ауылында жанжалдан соң оқушы көз жұмған еді.
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform
Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мектеп оқушысына қатысты істің алғашқы тыңдауы өтті. Оған сотталушылар мен жәбірленушілер қатысты. Судья Жоғарғы соттың қаулысы мен Қылмыстық процестік кодекстің 24 бабы 1 бөлігіне сүйеніп, соттың жабық түрде өтуін дұрыс санады. Ал жәбірленуші тарап істің ашық өткенін қалады.
"Біз, Нұржанның туғандары мен жақындары, соттың әділ өтуін талап етеміз. 2024 жылдың 2 қыркүйегі күні Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында жоғары сынып оқушылары менің бауырымды аяусыз соққыға жықты. Сол соққының салдарынан бауырым көз жұмды. Оқиға кезінде оның қасында 18 оқушы болған. Олардың қатарында спорт шеберлері де бар. Өкінішке қарай балаларды қорқытып-үркітіп ата-анасына хабар бермеген. Бала сол жерде жан тапсырды, жедел жәрдем келгенше өліп кетті. Алғашында күдіктілерге қатысты тергеу Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша қаралды. Кейін 106 баптың 3 бөлігіне ауыстырылды. Бұл шешімнің қандай негізде қабылданғаны бізге белгісіз. Бірнеше рет барлық жерге арыздандық, — деді марқұм Нұржан Сыдықтың апасы Мереке Қалыбаева. Оның айтуынша, 6 оқушы айыпталушы, ал 9 сыныптың 7 оқушысы, 10 сыныптың 5 оқушысы жәбірленуші. Бұл — тек менің бауырымның ісі емес, бүкіл қоғам үшін өте ауқымды мәселе. Егер мұндай қатыгездікке көз жұма қарай берсек, ертең кез келген ата-ана осы жағдайға душар болуы мүмкін. Біз заң органдарынан істі әділ тергеп, кінәлілердің ашық түрде лайықты жазасын алуын талап етеміз. Анасы күнде ауырады. Айыпталушы балалардың ата-аналары күнде жазады. Ауылдың ортақ чаты арқылы кешірім сұрап жазады. Ол болмайды", — деді Мереке Қалыбаева. Іс 23 томнан тұрады.