Балалар алаңындағы шуға ашуланған ер адам басқа жасөспірімнің әрекеті үшін балаға шабуыл жасап, оны ұрып-соққан.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Ақтөбеде 45 жастағы пойыз жолсерігі балалар алаңында жасөспірімді ұрғаны үшін бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ер адамға ауладағы шу тынығуына кедергі келтіргені үшін ашуланған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оқиға Түргенев көшесіндегі тұрғын үйдің ауласында болған. Ер адам пәтерінде демалып жатқан кезде балалар алаңынан шыққан шуды естіген. Жасөспірімдердің бірі оған ортаңғы саусағын көрсеткен. Осыдан кейін ақтөбелік азамат сыртқа шыққан.
Жасөспірімдер жан-жаққа қашып кеткенімен, олардың біреуі алаңда қалып қойған. Ер адам дәл осы баланы соққыға жыққан. Алайда оған дөрекі ишара көрсеткен басқа жасөспірім болған.
Ақтөбелік азамат кәмелетке толмаған балаға балағат сөз айтып, алдымен алақанымен құлағынан, кейін жұдырығымен басынан ұрған. Дәрігерлер зардап шеккен баланың денесінен қанталаған жерлерді анықтап, жарақатын денсаулыққа жеңіл зиян келтіру деп бағалаған.
Ер адам бұзақылық жасады деген айыппен сот алдында жауап берді. Ол кінәсін мойындап, жәбірленушіден кешірім сұраған. Жасөспірім оны кешірмегенімен, соттан бас бостандығынан айырмауды өтінген.
Сот шешімімен 45 жастағы ер адам бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.


