Ақтөбеде қамыстан тұтанған өрт бау-бақша ұжымдарына жайылған

0
253

Өрт кезінде адамдар зардап шекпеді.


Ақтөбеде қамыстан тұтанған өрт бау-бақша ұжымдарына жайылған

ERNUR.KZ. Ақтөбе қаласында аумағы 5 га жайылған өрт сөндірілді. Мұнда өрт сөндірушілермен қатар орман шаруашылығы қызметкерлері және әскерилер жұмылдырылды, деп жазады kaz.inform.kz.

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Сазды өзені бойында қамыс өртеніп, жалын бау-бақша ұжымына тарады. Мұндағы кейбір үйде адамдар болып, хабарландыру берілді. Сол кезде тұрғындар үйін тастап, қауіпсіз жерге шығып тұрды.


“Сағат 13:28-де Ақтөбе қаласы Астана ауданы Лесное елдімекені аумағында қамыс жанып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. ТЖД гарнизонынан барлығы 66 адам, 12 техника жұмылдырылды. Сонымен бірге 20892 әскери бөлімі, орман шаруашылығы мен жергілікті атқарушы органдары мен мемлекеттік емес өртке қарсы ұйымдары жұмылдырылды. Өрт сағат 17:00-де толық сөндірілді. Бау-бақшадағы 50 үй және бір көлік аман қалды”, - деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов.

Өрт кезінде адамдар зардап шекпеді. Алайда екі үйдің шаруашылық құрылысы жанып кетті. ТЖД қызметкерлері әлі де оқиға орнында жүр. Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Лесное, Дорожник, Локомотивное депо бау-бақша ұжымдарында, өрт болған алқапқа жақын маңдағы аумақта шамамен 130 саяжай үйі бар.