Тәртіп сақшысы Ырғыз аудандық ауруханасына жеткізілді.
ERNUR.KZ. Самара - Шымкент тасжолында КамАЗ жүргізушісі полиция қызметкерін қағып кетті, деп жазады ҚазАқпарат.
Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Самара-Шымкент автожолын бақылауға алып, Түркістан облысының 36 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан жүк көлігін тоқтатты. Себебі көліктің жүргізуші отыратын жағынағы терезенің сынғаны анықталған.
«Жүргізуші көлік жүретін жолға тоқтаған. Сол кезде полиция қызметкерлері дыбыс зорайтқыш арқылы ескерту беріп, көлікті жол жиегіне бұруды бұйырды. Кенет екінші КамАЗ тоқтап, ол алдындағы жүк көлігінің қозғалысын тежеген құқық қорғаушыға наразылығын білдірді. Сол кезде бірінші жүк көлігінің жүргізушісі жолға көлденең тоқтап, қозғалысты түбегейлі шектеп тастады. Кейін екінші КамАЗ жүргізушісі қарсы бағытқа шығып, полиция қызметкерін қағып өтті. Тәртіп сақшысы Ырғыз аудандық ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлер қарап шықты. Кейін үйіне жіберілді»,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Аталған факті негізінде ҚР ҚК 380-бабы 3-бөлігі 1-тармағы, яғни, «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Шабуыл жасаған жүргізуші ҚР ҚІЖК 128-бабы бойынша ұсталып, Ырғыз аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.