Ақтөбеде тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсаған сотталушының ісі қаралып жатыр

0
474

Оқиға биыл наурыз айында болды. Онда анасы мен баласы өліп, оқушы қыз тірі қалды.


Ақтөбеде тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсаған сотталушының ісі қаралып жатыр

ERNUR.KZ. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында анасы мен баласын өлтіріп, қызын жаралаған, кейін тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсаған сотталушыға қатысты іс басталды, деп жазады inform.kz.

Оқиға биыл наурыз айында болды. Онда анасы мен баласы өліп, оқушы қыз тірі қалды. Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс қарала бастады. Сотталушы Ә.Елеуовке сырттай айып тағылды.

«Әлішер Елеуовке Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-бөлігі 4-тармағы, 99-бабы 2-бөлігі 1 және 14 тармағы, 24-бабы 3 бөлігімен айып тағылды. 2023 жылдың 28 наурызы күні сағат 22:30-да Елеуов жұмыстан шығып, сыра алады. Кейін донер дайындайтын орынға барып, донер жеп, сыра ішеді. Мас күйінде ол ақшасы жоқ екенін біледі. Сол кезде қарақшылық жасау ойына келеді. Сот алды тергеу кезінде анықталмаған кесіп-тесетін пышаққа ұқсас затты алып, адам іздейді. Тұрғын үй аулаларында жүреді. 2023 жылдың 29 наурызы күні сағат 02:20-да Елеуов мас күйінде Жеңіс көшесіндегі үй жанынан өтіп бара жатып, ашық тұрған балконды көреді. Елеуов ойын іске асырмақ болып, газ құбыры арқылы балконға кіреді. Пәтерге кіріп, бағалы зат, ақша іздейді. Ол адамдар ұйықтап жатқанын көре тұра солай жасады. Сағат шамамен 02:25-те Е.Гетина оянып кетіп, пәтерінде жүрген бөгде адамды көреді. Сол кезде сотталушы бірден бас салып, кесіп-тесетін затты бірнеше рет сұғып алады. Жәбірленуші көп қан кетіп, оқиға орнында қаза тапты. Сол кезде шамамен сағат 02:30-да анасының дауысынан баласы оянып кетеді. Елеуов баласына тарпа бас салып, оны да пышақтайды. Жәбірленуші оқиға орнында қаза тапты. Кейін сағат 02:35-те қыз оянады. Ол жерде жатқан ағасын көреді. Үйде жүрген бөгде адам қыздан «Үйде басқа адам бар ма?» деп сұрайды. Елеуов жауап ала алмаған соң кәмелетке толмағанды өлтіру үшін қылғындыра түседі. Сонымен бірге бірнеше рет пышақ сұғады. Оның қимылсыз қалғанын көріп, кетіп қалады. Сағат 03:30-да қыз есін жиып, сұлқ жатқан ағасын көріп, балалар бөлмесіндегі ұялы телефонына барады. 03:35-те көп қан жоғалтқан жәбірленуші телефон соққысы келгенімен, саусағы икемге келмейді. Сол кезде телефонның блокқа қоятын нүктесін алты рет басып, SOS көмек сұрау белгісін береді. Қоңырау төтенше жағдайлар қызметіне түсіп, жедел көмек көрсетілді», - деді мемлекеттік айыптаушы Ілияс.

Сотта тірі қалған жәбірленушінің заңды өкілі Е.Кайрис істі тоқтатуды сұрады.

«Жиенім оны дауысынан таныды. Істі қайтаруға, қайта тергеуге келіспейміз. Айыпталушының кінәсі толық дәлелденді. Пәтерде қан ізі табылды. Біз істің әрі қарай жалғасқанын қаламаймыз. Жалпы соммасы 30 млн теңге моральдық-материалдық шығын өтеуді сұраймыз. Жасөспірімнің жағдайы бірқалыпты. Қазір әжесінің қасында. Психолог көмегінен өзі бас тартып отыр», - деді ол.

Сотталушы Ә.Елеуовтың қорғаушылары болса қылмыстық істі қайта тергеуге жіберуді, қайта сараптама тағайындауды сұрады. Ал судья А.Балмұханов заңда сотталушы болмаса, сотты тоқтату қарастырылғанын айтты.

Еске салсақ, анасы мен ұлының кісі қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат полицияға биыл 29 наурыз күні сағат 5:30-да түскен. Ал күдікті бірнеше күннен соң ұсталды.

Сот отырысы жалғасады.