Есет батыр тұрғын алабындағы үй жанынан 31 жастағы ер адамның мәйіті табылды.
ERNUR.KZ. Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабында ер адамның денесі табылды. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы тұрғын ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Оқиға кеше болды. Есет батыр тұрғын алабындағы үй жанынан 31 жастағы ер адамның мәйіті табылды.
«Полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғынын анықтап, ұстады. Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Айта кетейік, 29 наурыз күні Ақтөбе қаласында анасы мен ұлын бір түнде өлтіріп кеткен болатын. Мән-жайды полицияға тірі қалған 13 жастағы қыз хабарлаған. Кейін облыстық соттың баспасөз қызметі күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» туралы бұлтартпау түріндегі шарасы қабылданғанын мәлімеді. Арада бір айға жуық уақыт өткенде ҚАЖД уақытша ұстау изоляторында күдікті өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмды. Қазір осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бабы бойынша іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр.