Ақтөбедегі атысқа ұласқан төбелестің егжей-тегжейі анықталды

0
379

Ауруханаға бір мезетте оққа ұшқан тоғыз жігіт жеткізілді.


Ақтөбедегі атысқа ұласқан төбелестің егжей-тегжейі анықталды

ERNUR.KZ. Ақтөбедегі соңы қайғылы оқиғамен аяқталған төбелестің егжей-тегжейі анықталды. Ауруханаға бір мезетте оққа ұшқан тоғыз жігіт жеткізілді. Барлығы аяғынан жараланған. Ал, бір науқасқа оқтан бөлек бірнеше жерінен пышақ сұғылған. Жағдайы тым ауыр болған 18 жастағы жігітті дәрігерлер ажалдан арашалап қала алмаған, деп жазады zakon.kz.

"Бірінші 18 жастағы ауыр жарақаттанған науқасты алып келді. Ол клиникалық өліммен жеткізілді. Реанимациялық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, ол қайтыс болды. Қалған сегіз адамның жағдайы тұрақты, емделіп жатыр",- Жасұлан Орымбаев, Ақтөбе облысы жедел жәрдем ауруханасының дәрігері.

18 - 22 жастағы жастар мал базары маңындағы жанармай бекеті жанында жаппай төбелескен. Артынан қару алып атысуға дейін барыпты. Жаппай төбелес кезінде қаза тапқан студент өндірістік тәжірибеден оралған күні екен. Оқытушылары бұған дейін қақ-соқпен ісі жоқ оны "қосақ арасында кетті" деп отыр.

"Практикада жүрген. Технологияда практикада жүріп, келіп есебін тапсыруға тиіс болатын. Тәжірбиені өзінің тұрған жері Шалқар ауданы, Бозой елдімекені КС стансасында өткізді. Сол екі ортада бүгін түнде осындай жағдайды естіп отырмыз. Ол тек бір отбасының ғана емес, біздің оқу орнының қайғысына айналып отыр".Жеңіскүл Мұхамбетпайызова, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры

Адам өлімімен аяқталған төбелеске қатысты төрт жігіт қамауға алынды. Тергеу басталды.

"Полиция осы қылмыс жасады деген күдікпен 4 азаматты ізін суытпай анықтап, ұстады. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру және бұзақылық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды",- деді Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі.

Бүгінде жараланған сегіз жігіттің палатасына күзет қойылған.

Куәгерлердің сөзінше жанжал бозбаланың бірінің аяғын басып кетуден басталған. Артынша екі жақ жақтастарын жинап қару-жарақ қолданылған жаппай төбелесті ұйымдастырып, қайғылы оқиғамен аяқталған.