Ақтөбедегі шу: 40 адамға жалған медициналық анықтама жасаған медбике ұсталды

0
88

​Медбикенің заңсыз бизнесі әшкере болды.


Ақтөбедегі шу: 40 адамға жалған медициналық анықтама жасаған медбике ұсталды

фото:baq.kz.

ERNUR.KZ. Ақтөбеде 40 адамға жалған медициналық анықтама рәсімдеген медбике ұсталды, деп жазады baq.kz.

Ақтөбе облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында жалған медициналық анықтаманы беру кезінде қаланың клиникаларының бірінің ғимаратында медбикені ұстады. Жедел ақпаратқа сәйкес, күдікті пайда табу мақсатында өзінің танысымен алдын ала сөз байласып, жалған медициналық құжаттарды (№075, №086 нысандағы анықтамалар және санитарлық кітапшалар) дайындау және сату бойынша заңсыз схема ұйымдастырған. Анықталғандай, аталған тұлғалар клиенттерді міндетті зертханалық тексерулерден және бейінді мамандардың медициналық тексерулерінен нақты өткізбей-ақ жалған медициналық анықтамалар рәсімдеп отырған. Мұндай құжаттарды заңсыз рәсімдегені үшін олар жүйелі түрде 5 000-нан 10 000 теңгеге дейін ақшалай сыйақы алып келген.



Қазіргі уақытта осындай анықтамаларды сатып алған 40 азамат анықталды.

Жұмыс кабинетінде жүргізілген тінту барысында «Дерматолог», «Лаборатория», «Жарамады/Годен», «Реакция микропреципитации экспресс әдісімен» және «Анықтамалар үшін» деген жазулары бар жалған мөрлер табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.