Ақтөбелік ата-аналар қазақ сыныбының жабылуына қарсы шықты

0
929

Мектеп әкімшілігі бұл мәселені өздері шеше алмайтынын, тек қалалық білім бөлімі жауап беретінін жеткізді.


Ақтөбелік ата-аналар қазақ сыныбының жабылуына қарсы шықты

ERNUR.KZ. Ақтөбеде № 27 мектеп-лицейдің 10-сыныбы жабылып қалуы мүмкін. Ата-аналар қарсылық білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласындағы № 27 орта мектеп-лицейдің ата-аналары оқу жылы басталған күні әкімдікті жағалап жүр. Себебі мектеп әкімшілігі 30 тамызда 10-сыныптың жабылатынын хабарлаған.

«Балам мамыр айында 10-сыныпқа қалу үшін арнайы тест тапсырды. Барлығы 24 оқушы өтіп, осы оқу жылында бір сынып ашылатыны белгілі болды. Ал тамыздың 26-сында қайта жинап, кейбір балаларға ҰБТ-дан өтпейтінін баса айтқан. Сол кезде көбі құжаттарын алып кетті. Ал жаңа оқу жылы басталарда, яғни, 30 тамызда 10-сыныптың қазақ тобы болмайтынын хабарлады. Сонда да балалар сабаққа келді, бірақ бос отырды. Бүгін бес сабақ болса, тек дене шынықтыру мен информатика өткен, алдыңғы үш сабақ мұғалімсіз бос отырған», - дейді оқушының анасы Раушан Алмаханова.

Мектеп әкімшілігі бұл мәселені өздері шеше алмайтынын, тек қалалық білім бөлімі жауап беретінін жеткізді.

«Өткен жылы 25 оқушы 9-сыныпты бітірді. «Білім туралы» Заңға сәйкес 20 оқушыдан кем болмауы тиіс. Біздегі оқушылардың 10-ы колледжге оқуға түсіп кетті. Нәтижесінде 16 бала қалды. Біреуі ауданнан келген болатын. Алты бала басқа мектепке ауысты. Бірнеше рет ата-аналарға ескерту берілді. Біз ештеңе шеше алмаймыз», - дейді № 27 мектеп-лицей директорының міндетін атқарушы Алтынгүл Галеева.

Ал қалалық білім бөлімі мәселені шешуге кіріскен.

«Ереже бойынша сыныпта 25 оқушыдан кем болмауы тиіс. Сондықтан 10-сыныпты ашу мүмкін болмады. Экономикалық жағынан да тиімсіз. Шынын айтқанда оқу процесі жүріп жатыр. Ол қазақ сыныбында қазір 11 оқушы бар. Мәселе толығымен шешіледі. Яғни, өзге білім ордаларынан оқушыларды сол мектепке ауыстырамыз», - деді қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменов.