Инкубаторда бір мезетте жұмыртқадан 200 балапанды бастырып шығаруға болады.
Дінмұхамед Жеткергеннің инновациялық идеясы ауыл шаруашылығы саласына, соның ішінде құс өсіретіндер үшін таптырмас олжа болғалы тұр, деп жазады inbusiness.kz.
Өйткені, оқушы ойынан құрастырылған инкубаторда бір мезетте жұмыртқадан 200 балапанды бастырып шығаруға болады. 11-сынып оқушы Дінмұхамед Жеткерген бала кезінен робототехникаға әуес. Үйірмеге барып жүріп сандық технология, физикаға ден қоя бастаған. Арманы ауыл шаруашылығына пайда әкелетін заманауи қондырғы құрастыру болыпты.
"Ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып, бір жаңалық жасағым келді. Үш жыл қатарынан балапанды тез өсіріп шығаратын инкубаторды құрастырып жүрдім. Әр нұсқасын жетілдірген сайын, қателіктерімді жөндеуге тырыстым. Жанаргүл Еркебаева деген ұстазым маған көп көмектесті. Инкубатордың жұмысына келсек, табиғи аналықтың қасында, мысалы тауықтың қасында балапаны 5 есе шығарып бере алады. 200 бөдене жұмыртқасын, 85 тауық жұмыртқасын, 60 үйрек, қаздың 45 жұмыртқасын басып шығаруға болады", - дейді Дінмұхамед Жеткерген.
Қондырғы толықтай автоматтандырылған. Жылыту жүйесі өздігінен айналып тұрады. Инкубатор әзірге тест режимде тұрғанымен, жұмысы нәтижесін берген. Қазірдің өзінде инкубатордың көмегімен шыққан балапандарды Димаштың өзі өсіріп, жұмыртқасын инкубаторға салып көбейтіп жатыр.
Өнертапқыш оқушының бастамасын Ақтөбедегі №18 мектептің басшылығы да қолдайды.
"Біз оқушымыздың идеясын жүзеге асыруына барынша жағдай жасаймыз. Қазір ғылыми жетекшісі екеуі алдағы уақытта жас бизнесмендер байқауларына қатыспақшы. Әрі жобаларына авторлық құқық куәлігін алуға құжаттарын әзірлеп жатыр", - деді мектеп директорының орынбасары Мәдина Абылшиева.