Ер адам прокурормен кездесуді талап еткен.
ERNUR.KZ.Ақтөбе облысының 54 жастағы тұрғыны Бақытжан Құрманов облыстық прокуратура ғимаратына келіп, металл қоршауға өзін шынжырлап қойды. Оқиға 8 шілдеде болған, - деп жазады tengrinews.kz "Диапазон" сайтына сілтеме жасап.
Ер адам прокурормен кездесуді талап еткен. Алайда прокурордың орнына оған полицейлер келіп, ұстау шарасын жүргізген. Оның әрекетін құқық қорғау органдары өкілдерінің заңды талабына мойынсынбау деп бағалаған.
"Ақтөбе мамандандырылған сотының қаулысымен азамат Құрманов ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Оған үш күнге қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды", - деп мәлімдеді облыстық соттың баспасөз хатшысы Анар Айтжанова.
Құрманов бұл әрекетімен Хромтау ауданындағы Қопа ауылындағы жер жарналары ісіндегі соттың шешіміне келіспейтінін айтқысы келген. Ер адам жергілікті "АкТеп" серіктестігімен жер үшін соттасқан, биліктің назарын аудару үшін аштық та жариялапты. 2014 жылы бір жанжалдан кейін ер адам 10 күнге әкімшілік қамауға алынған. Сол жылдың 18 тамызында Хромтаудағы прокуратура ғимаратының маңында тамырын кескен.