Қазақстанда вакцинаның ІІ компонентін 1,4 млн адам алған.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцинациялау қарқыны төмен өңірлерді атады. Министрдің айтуынша, бүгінге дейін Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның І компонентін 2 547 363 адам алса, ІІ компонентін 1 435 334 алған. Бұл - екпе алуға жататын халықтың 25,7 пайызы, деп жазады Azattyq Rýhy.
Өңірлер бойынша, вакцинациялау қарқыны ең төмен облыстар - Маңғыстау (13,2%) және Қостанай (19,5%).
«Облыстардың, қалалардың әкімдері халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялаумен қамтуды жеке бақылауға алып, халықты қосымша ынталандыру жетіктерін арттыруы және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», - деді министр Үкімет отырысында.
Еске салайық, Қазақстанда вакцинация паспорты коронавирусқа қарсы екпенің ІІ компонентін алғандарға ғана беріледі. Қазақстанның вакцина паспорты үш елге турист ретінде кіруге жарамды: Моңғолия, Тайланд және Венгрия.