Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында болады.
Ақтөбе облысында жұмыс сапарымен болған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ақтөбе қаласындағы кәріз тазарту құрылыстарының жағдайымен және жаңа КТҚ салу жоспарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбе КТҚ пайдалануға 1981 жылы берілген. Қазіргі уақытта негізгі құрылыстардың техникалық жағдайы нашар, тозуы 80%-ға жеткен. Бүгінде жаңа КТҚ салудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, құжат мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып үлгерді. Сонымен қатар құжаттаманы дайындаудан бастап, нысанды пайдалануға беруге дейінгі іс-шараларды көздейтін жобаны жүзеге асырудың жол картасы бекітілді.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың айтуынша, КТҚ салу Ақтөбе қаласының негізгі экологиялық проблемаларының бірі – ауаның күкіртті сутегімен ластануына қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Премьер-Министр Ақтөбе қаласының экологиялық мәселелерін шешу жергілікті атқарушы органдардың басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Кәсіпорындардан шығатын зиянды қалдықтар Ақтөбе қаласын жайлаған жағымсыз иістің негізгі себебі болып отыр. Қоқыс полигонында қайта-қайта өрт шығып, онсыз да күрделі экологиялық ахуалға зиян келтіруде. Қоқыс шығару қызметтерінің жұмысы да ақтөбеліктердің орынды наразылығын тудырып отыр. Осы мәселелердің барлығына облыс әкімдігі жіті назар аударып, оларды шешу үшін жедел шаралар қабылдауы қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы жыл соңына дейін жаңа кәріз тазарту құрылыстарын салуға қатысты барлық құжаттаманы дайындауды аяқтап, алдағы 2–2,5 жылда қала үшін маңызды жобаны жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында болады.