Алматы әкімдігі Сағынтаевтың отставкаға кеткені жайлы қауесетке түсініктеме берді

0
834

Әлеуметтік желі мен мессенджерде мегаполис әкімінің қызметінен кететіні туралы ақпарат тарады.


Алматы әкімдігі Сағынтаевтың отставкаға кеткені жайлы қауесетке түсініктеме берді

ERNUR.KZ. Алматы әкімдігі қала басшысы Бақытжан Сағынтаевтың отставкаға кеткені туралы әлеуметтік желіде тараған қауесетке түсініктеме берді, деп жазады sputnik.kz.

Желіде "Сағынтаевтың жедел отставкаға кеткені айтылып жатыр. Оған "әкімдіктің" барлық құжатына бірнеше күннен бері Сағынтаев мырзаның орнына оның міндетін уақытша атқарушы Серік Құсайыновтың қол қойғаны себеп болды" деген хабарлама тарады.

Әкімнің баспасөз хатшысы Әсет Мұқажанов бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қысқа мерзімді демалыста", - деді ол.

Алайда ол әкімнің қай күннен бері демалыста екенін және қашан қызметіне оралатынын нақтыламады.

Айта кетері, 2019 жылдың қарашасында Сағынтаев өзінің қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін отставкаға кетуге дайын екенін айтты.

"Заңның аты заң, оның нормаларын орындау керек. Сондықтан, Құдай сақтасын, менің қол астымдағы адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот оны дәлелдеп, үкім шығарса, әрине, заңға сәйкес, мен отставкаға кетуім керек. Одан кейін президенттің бұл отставканы қабылдау-қабылдамау құқығы бар", - деді Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаев 2016 жылдың қыркүйегінен 2019 жылдың ақпанына дейін Қазақстанның премьер-министрі қызметін атқарды. Қазақстанның бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сағынтаев басқарған үкімет құрамын ілгерілеу жоқ деп айыптады.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы қазіргі уақыт үшін жеткілікті емес, деп мәлімдеді сол кезде мемлекет басшысы.