Алматы әуежайында FlyArystan ұшағы өртенді

0
96

Оқиға кезінде ұшақта жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқан.


Алматы әуежайында FlyArystan ұшағы өртенді

Видеодан кадрлар

ERNUR.KZ. 28 тамызда Алматы әуежайында FlyArystan әуекомпаниясының ұшағы өртенді. Оқиға техникалық жұмыстар кезінде болған. Жалын тез арада ауыздықталғанымен, Air Astana тобының бір қызметкері жарақат алды. Әуекомпания оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп жазады tengrinews.kz.

Тасымалдаушының мәліметінше, оқиға кезінде ұшақта жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқан. Сол сәтте шағын аумақта өрт шыққан.

"Жұмыс барысында локальді өрт шығып, оны әуежайдың төтенше жағдайлар қызметі жедел түрде сөндірді", - деп хабарлады компания.

Өрттің шығу себебін тасымалдаушы әзірге нақтыламады. Қазіргі уақытта әуекомпания Алматы әуежайымен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.


Оқиға кезінде бортта жолаушылар да, экипаж мүшелері де болмаған.

Дегенмен, оқиға салдарынан Air Astana тобының бір қызметкері зардап шекті. Оған медициналық көмек көрсетіліп, ауруханадан үйіне жіберілді.

"Air Astana тобының қызметкері жарақат алды, оған медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ауруханадан шығарылды", - делінген мәлімдемеде.

Оқиғадан кейін әуе кемесі уақытша пайдаланудан шығарылды. Қазір мамандар ұшақтың қаншалықты зақымдалғанын бағалап, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Әуе кемесі уақытша пайдаланудан шығарылды. Қазіргі уақытта зақымдану дәрежесіне бағалау жүргізіліп, қажетті жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Air Astana тобы Алматы халықаралық әуежайымен бірлесіп, өндірістік оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр", - деп хабарлады әуекомпания.

Оқиғаның себебі мен мән-жайы нақтыланып жатыр.