Мұнда келуші балапандар ем алып қана қоймай, ұлттық рухтары көтеріліп жігерлене түспек.
ERNUR.KZ. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматы қаласындағы №187 бөбекжай-балабақшасынан ұлттық нақыштағы "Тұзды шахта" сауықтыру бөлмесі ашылды, деп жазады Stan.kz.
Қазақи нақышта безендірілген сауықтыру бөлмесінде ем-дом жасау кезінде домбыраның күмбірі, қобыздың үні ойнап тұрады. Мұнда келуші балапандар ем алып қана қоймай, ұлттық рухтары көтеріліп жігерлене түспек.
"Осы балабақшаның тәрбиеленушілеріне ғана арналған сауықтыру бөлмесі балалардың денсаулығын сақтау жолында қызмет етпек. Басты мақсат – суық тиюден сақтану, тұмауға қарсы балғындардың иммунитетін қалыптастыру. Тұзды бөлме балалар арасында жиі кездесетін бронхит, созылмалы бронхит, жүрек аурулары, невроз, демікпе, аллергия, тері аурулары кезінде зат алмасуды жақсарту мақсатында жүргізіледі", – дейді балабақша меңгерушісі Фарида Омарбекова.
Тұзды бөлмеге 4-5 бала топтанып кіріп, 20 минут көлемінде ем қабылдайды. Күн сайын 10 сеансқа дейін жүргізіледі. Ерекше дизайнымен көз қуантатын бөлменің қабырғалары мен едені тегіс тұздан жасалыпты. Сондай-ақ ем-дом бөлмесіне натрий хлоридінің құрғақ аэрозолин шашып тұратын галогенераторлар орнатылған. Сонымен бірге күрделі минералдар – магний,кальций, калий бар.
Балабақша меңгерушісі Фарида Қызырханқызының айтуынша, тұзды сауықтыру бөлмесіне дәрігермен кеңесіп, ешқандай қарсы көрсетілімі жоқ балалардың кіруіне ғана рұқсат беріледі екен. Тұзды бөлмеде температура болған жағдайда, созылмалы құрғақ жөтел кезінде ем қабылдауға тыйым салыныпты.
Мұндай арнайы ем-дом бөлмелері Алматыдағы бұдан өзге бірқатар балабақшда бар. Мұның бәрі, әлбетте, балалар үшін мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып отырған игі істердің бір парасы. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі балабақшалар балапандарға тәрбие мен білім ғана беріп қоймай, олардың денсаулығын нығайту жолында дәл осылай еңбек ететін болса, ел болашағының жарқын екеніне сенім мол. Бұған дейін отандық БАҚ бетінде №187 бөбекжай-балабақшасының ұлттық нақышта безендірілуімен және де асық терапиясын қолға алуымен ерекшеленетіні туралы жазылған болатын.