Туристер саны да айтарлықтай артқан.
Қазақстандағы табиғаты тамаша, жан-жақты дамыған өңірлердің бірі де бірегейі – Алматы облысы. Бұл аймаққа қашаннан да туристер өте көп келетін. Соған қарамастан облыс көлемінде тың жобалар қолға алынып, туризм саласына серпін сыйлап жатыр. Мәселен, былтырғы жылдың он бір айында облыс туризмін дамытуға 51 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынып, 2000-ға жуық жұмыс орны құрылған. Ал, биылғы жылдың басында өңірдегі туристік бағытты ілгерілету үшін 58 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылатыны мәлім болды. Бұл кешенді жұмыс өңір басшылары мен бірнеше инвестордың «Ой-Қарағай» шипажай кешенін өркендету мақсатында меморандум түзуімен басталған болатын. Бұл келісімшарттың нәтижесінде 4 жыл көлемінде таудағы демалыс аймағын ұлғайту, оның ішінде аспалы жол құрып, шаңғы жолын кеңейту, таудың түрлі бөліктерін заман талабына сай жабдықтау, тамақтану орындарын, жасанды көлдер мен этноауыл тұрғызу жұмыстары атқарылмақ. Сәйкесінше, облыс әкімдігі тарапынан инвесторларға инженерлік инфрақұрылым және әкімшілік жұмыстар бойынша қолдау көрсетілетін болған. Жалпы, бұл өңір туризмін дамыту жолындағы бір ғана мысал. Бүгінгі таңда саланың қарқынын арттыратын өзге де жұмыстар іске асырылып, облыс игілігі үшін жетістіктер де орын алуда.
Атап өтсек, 2024 жылдың наурыз айының соңында Қытай астанасы – Бейжің қаласында туризм жылдығының басталуына орай ауқымды форум өткізілді. Қос елдің инвесторлары, туризм саласының мамандары және ауылшаруашылығы өкілдерінің арасындағы байланысты нығайтуға арналған іс-шарада алматылықтар ел мәдениетін, ғажайып көріністер мен көрікті орындарды таныстырған болатын. Нәтижесінде аталған өңір жоғары деңгейдегі дайындығының арқасында көш басынан көрінді.
Бүгінде Алматы облысы туризмінің ілгерілеуіне серпін беріп, жыл өткен сайын туристер арасындағы танымалдылығы артып келе жатқан бағыттың бірі – «Іле-Алатау ұлттық саябағы» екен. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ресми түрде мәлімдеп, аталған орынға былтыр 38 мыңға жуық турист аяқ басқанын және өңір қазынасына жеті миллион теңгеден аса кіріс түсіргенін хабарлады. Әкімдік өкілдерінің болжамына сүйенсек, биыл бұл көрсеткіштер көтеріле түспек. Себебі, ұлттық парктегі Есік көлі саяхатшылар арасында мол сұранысқа ие болып жатқан көрінеді. Тиісінше, көлге кіретін адамдар алдымен арнайы тосқауыл бекетінен өтуі қажет.
Бір айта кетерлігі осындан бірнеше жыл бұрын бқл су айдыны айтарлықтай ластанған. Дегенмен облыс әкімі бұл мәселені өз бақылауына алып, көл мемлекет меншігіне қайтарылған. Соның арқасында көл аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, табиғаттың тамаша туындысы қалыпқа келтірілген. Мұнда келшілер керемет тау көріністеріне куә болып қана қоймай, таза ауада серуендеп, көл жағасында демалып, суға қармақ салып, велосипедпен және ескекті қайықпен серуендеуге мүмкіндік алады. Сондықтан алдағы уақытта көл аумағындағы инфрақұрылымды дамытып, жаңа бағыттар ашып, экологиялық туризм саласын ілгерілету көзделіп отыр.
Сонымен қатар, өңір басшылары туристер санын арттыру үшін өзге де орындардағы инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп отыр. Мәселен, биыл тұңғыш рет он бес туризм нысаны мен ұлттық парк аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, сұранысы мол туристік бағыттар бойына навигация жүйелері орнатылған. Көпшілік қызығатын орындарға апаратын жолдардың сапасын жақсарту мақсатында ел қазынасынан 4,3 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу де сұралған. Одан бөлек, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қытай Халық Республикасымен шектесіп жатқан Нарынқол елдімекеніндегі жаяу жолаушылар бағыты ашылмақ. Оған қоса, «Ой Қарағай» және «Шымбұлақ» курорттарының арасын қосатын аспалы жол салу бойынша жұмыстар жанданбақ. Сәйкесінше, өңір туризмінің көрсеткіші 13 пайызға өсіп, Алмат облысы шет мемлекеттен келетін туристер саны бойынша көш бастап тұр.
Алматы облысындағы танымал туристік бағыттардың қатарына бір аудан аумағында орналасқан Көлсай және Қайыңды көлдерін қоспауға болмайды. Мамыр айының соңына дейін Көлсай көлдерін көруге сексен мың саяхатшы келсе, осы жазда 250 мыңға жуық турист келіп, қонақтардың жалпы саны 400 мыңнан асып түседі деп болжанып отыр. Тиісінше, туристердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында ағаштан жүргіншілер жолы салынған. Бұдан да басқа инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар атқарылу үстінде.
Жалпы, былтыр Алматы өңірі туризм саласына тартылған инвестиция бойынша ел көлемінде екінші сатыға жайғасқан. Нәтижесінде туризм бағытында он үш жоба жүзеге асырылып, биыл да бұл бағытқа айрықша көңіл бөлініп жатыр. Сәйкесінше, өңірде агрономиялық туризм, қолөнершілік пен креативті индустрия саласы қарқынды дамтылып жатыр. Сәйкесінше, биылғы жылдың бес айының өзінде өңірдегі тамаша туристік орындар саналатын – Шарын шатқалы, Көлсай және Қайыңды көлдері сынды жерлерге 370 мыңнан аса турист қадам басқан.
Ал, «e-Qonaq» атты ақпараттық жүйенің деректеріне сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірге жетпіс мыңнан астам турист келген. Былтырғы жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 32 мыңнан асқан екен. Демек, нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде жақсарған. Облыс әкімдігі жария еткен ресми деректер де туризм саласының жандана түскеніне дәлел бола алады. Мысалы, былтырғы жылдың алғашқы тоқсанында өңірге 76 мыңнан аса адам келсе, биылғы жылдың осы кезеңінде туристер саны жүз мыңға жуықтаған. Бір қуанарлығы – қонақтар облыс орталығына ғана емес, өңір аумағындағы өзге де бағыттарға жиі бас сұғады.
Атап өтсек, былтырғы жылдың алты айында Шарын шатқалына 54 мыңға жуық, Көлсай көлдеріне 97 мыңнан астам және Іле-Алатау аумағына 275 мыңға тарта қонақ ат басын бұрса, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Шарын шатқалына 55 мың, Көлсай көлдеріне 160 мыңнан астам және «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 360 мыңға жуық турист барған. Бұл көрсеткіш әлі де жақсара түседі деп ойлаймыз.
Жалпы, Алматы өңірі – табиғатымен де, терең тарихымен де жанға жайлылық сыйлатын мекен. Сондықтан туризм саласында қыруар жұмыс атқарылып, инфрақұрылым сапасы көтеріліп жатқан өңір алдағы жылдары Орта Азияның ең көрікті, сұранысы мол аймағына айналады деп ойлаймыз.
Б.Мейірханұлы,