Алматы облысында ШОБ және туризм салаларын дамытуға басымдық беріліп отыр

0
173

Жыл басынан бері олар 1,6 трлн теңгеге өнім өндіріп, бюджетке 1,5 есе өсіммен 188 млрд теңге түсім берді.


Алматы облысында ШОБ және туризм салаларын дамытуға басымдық беріліп отыр

ERNUR.KZ. Бүгінде Алматы облысында кәсіпкерлік белсенділік қарқынды дамып келеді. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі үш мегаполистен кейін 45% көрсеткішпен, елімізде төртінші орынды иеленді. Ағымдағы жылдың 10 айында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілердің саны 4,7%-ға өсіп, 143 мыңға жетті. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ОКҚ алаңындағы баспасөз конференциясында осылай деді.

Оның айтуынша, 247 мыңға жуық адам немесе облыстың әрбір үшінші экономикалық белсенді тұрғыны осы салада жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері олар 1,6 трлн теңгеге өнім өндіріп, бюджетке 1,5 есе өсіммен 188 млрд теңге түсім берді.

Алматы облысы үшін тағы бір орны ерекше бағыт – туризм. Өңір шет елдерден келетін туристік ағын бойынша Алматы және Астана сияқты ірі қалалардан кейін 3-ші орында.

«Соңғы екі жылда келушілер саны 2 есеге өсті. Оның ішінде 128 мың турист – шетелдік қонақтар, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 12 есе артық. Сонымен қатар Қазақстан туризмінің Қытай Халық Республикасындағы жылының аясында Қытайдан келген туристер ағыны 1,5 есеге жуық өсті. Туристер ағынын ұлғайтуға ықпал ететін жергілікті және шетелдік қонақтарға бағытталған «Tengri ultra» Ұлы дала марафоны, «Қымызмұрындық» фестивалі, Іле-Балқаш регатасы, «TAKLIMAKAN RALLY – 2024», «Race Nation Kazakhstan 2024» авторалли сияқты ауқымды шаралар ұйымдастырылды», – деді өңір басшысы.

Биыл жалпы сомасы 20 млрд теңгені құрайтын бірқатар нысан іске қосылды. Олардың ішінде саумал терапиясына баса назар аударылатын таулы шатқалдардағы сауықтыру кешендері бар. Сондай-ақ Қара каньонда инвестиция құны 1,5 млрд теңге болатын демалыс орны, 58 млрд теңгеге «Ой-Қарағай» курортын кеңейту сияқты ауқымды бастамалар бар. Қонаев қаласында аквапарк салу жоспарлануда. Мұндай жобалар аймақтың туристік тартымдылығын арттыруға, мәдени және іскерлік әріптестікті кеңейтуге ықпал етеді.

Өңір басшысы өзінің баяндамасында халық үшін тағы бірқатар мәселеге тоқталып өтті.

Талдау көрсеткендей, облыс тұрғындарының өтініштерінің шамамен 60-70%-ы өмір сүру сапасына, яғни коммуналдық инфрақұрылымды, жолдарды жаңғырту және аула аумақтарын абаттандырумен байланысты. Негізгі сұрақтардың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Облыс қолданысқа берілетін тұрғын үй көлемі бойынша 901 мың шаршы метр көрсеткішпен елімізде 5-ші орынға ие болғанына қарамастан, кезек азаймай, бүгінгі күні 41 мың адамға жетті, оның 80%-ы халықтың әлеуметтік осал топтары санатында.

«Мұндай санаттағы азаматтар үшін 20 млрд теңгеге 1 304 жалға берілетін пәтер сатып алынады, 852 пәтер бюджет есебінен қолданысқа беріледі, бұл 2 156 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал, 35 жасқа дейінгі азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін «Алатау жастары» өңірлік бағдарламасының мүмкіндіктері қолданылуда. Оның аясында өткен жылдан бастап 84 жас отбасы жеке тұрғын үй сатып алу үшін 1,3 млрд теңгеге жеңілдікпен несие алды», – деді спикер.

«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша тұрғын үй сатып алуға 4,6 млрд теңгеге 664 маман бюджеттік несие алды. Келесі өзекті деген инженерлік инфрақұрылымды жақсарту мәселесі «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы және «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында шешілуде. Бағдарламалар шеңберінде биыл жалпы сомасы 47 млрд теңгеге 116 жоба іске асырылуда.

Азаматтардың өмір сапасына әсер ететін газдандыру деңгейі 51,4% құрайды. Облыстың 146 елді мекені газдандырылды. Жыл соңына дейін тағы 6 ауыл қосылып, көгілдір отынға 1,2 млн адам қол жеткізе алады. 373 елді мекеннің 348-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, бұл республикадағы үздік көрсеткіштердің бірі. Сондай-ақ қалалар мен ірі елді мекендерді орталықтандырылған су бұру және тазарту құрылыстары бойынша да жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, Қонаев қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 20 млрд теңге сомасына қуаттылығы тәулігіне 30 мың шаршы метр кәріз суын тазарту нысанын салуға шарт жасалды.

Экономиканың тұрақты өсуі және қабылданған әлеуметтік қолдау шаралары халықтың табыс деңгейін сақтауға және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге септігін тигізді. Жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы аясында жыл басынан бері 57 мың жұмыс орны құрылды. Тұрақты жұмыс орындарына 34 мың адам орналастырылды. Бизнес-идеяларды іске асыру үшін әлеуметтік осал санаттағы 259 адам 400 айлық есептік көрсеткішке дейін грант алып, өз ісін ашты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отбасының цифрлық картасы іске қосылып, 487 мың отбасы тіркелді, бұл әлеуметтік көмекті тиімді және атаулы түрде бөлуге мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 5,1 млрд теңгеге 77,1 мың адам көмек алды.