Ер адамдар 1 шілде күні Бартоғай — Асы үстірті — Түрген бағыты бойынша жолға шыққан.
Фото: ТЖМ
ERNUR.KZ. Алматы облысында бірнеше күн бұрын байланысқа шықпай, жоғалып кеткен үш балықшы аман-есен табылды. Төтенше жағдайлар министрлігі іздестіру-құтқару операциясының сәтті аяқталғанын мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ресми мәліметке сүйенсек, ер адамдар 1 шілде күні Бартоғай — Асы үстірті — Түрген бағыты бойынша жолға шыққан. Олар белгіленген уақытта үйлеріне оралмай, байланыс аясынан тыс жерде қалған. Жоғалғандардың бірінің жұбайы уайымдап, «112» пультіне қоңырау шалғаннан кейін дереу дабыл қағылып, іздеу шаралары басталды.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің ауқымды күштері жұмылдырылды. Операцияға жедел-құтқару жасағының қызметкерлері, «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы, кинологиялық есеп және аумақты әуеден барлау үшін дрон тартылды.
Іздеу жұмыстары жүріп жатқан кезде, ер адамдар Асы шатқалы жағынан өз көлігімен өздігінен шыққан. Оларға ешқандай медициналық көмек қажет болған жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға баруы қиын таулы немесе шалғай жерлерге сапар шегер алдында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ұсынады.


