Алматы ТМД ішінде такси қызметі ең қымбат қала болып шықты

0
400

Такси бағасы Шымкентте 16,1%, Алматыда 4,2% және Жетісу облысында 1,1% өсті.


Алматы ТМД ішінде такси қызметі ең қымбат қала болып шықты

ERNUR.KZ. Биыл шілденің соңында Қазақстанда такси қызметі айына 1,5%, жылына 13,2% қымбаттады, деп жазады stan.kz.

Такси бағасы Шымкентте 16,1%, Алматыда 4,2% және Жетісу облысында 1,1% өсті. Еліміздің 20 өңірінің қалған 17-сінде баға өзгеріссіз қалды.

Жылдық динамикада Алматыда баға 36,9% өсті. Одан кейін Шымкент (жылына 36,1%), сондай-ақ Ақтөбе (22,1%), Батыс Қазақстан (21,3%) және Ақмола (13,5%) облыстары келді. Ең аз жылдық баға өсімі Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында байқалды, әр өңірде 1% өскен.

22 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстандағы такси ақысы – бір км үшін 0,63 доллар (304 теңге). Бұл қызметтің арзандығы бойынша еліміз әлем бойынша 96 елдің ішінде 21-орынға ие болды.

ТМД қалалары арасындағы ең жоғары тариф Алматыда екен. 1 км үшін 0,68 доллар (328 теңге). Әлемде 179 қаланың ішінен 63-орында. Астанада такси құны – 0,42 доллар (202 теңге). Әлемде 179 қаланың ішінде 39-орында.

Рейтингке енген ТМД елдерінің қалалары арасында ең төмен тариф Новосибирск (0,22 доллар – 106 теңге), Бішкек (0,29 доллар – 140 теңге) және Киевте (0,29 доллар) белгіленді.

Әлем бойынша ең арзан такси Үндістанның Сурат қаласында (0,18 доллар – 86 теңге), ал ең қымбаты Швейцарияның Цюрих қаласында (4,46 доллар – 2152 теңге) екен.

Биыл қаңтар-шілденің қорытындысы бойынша Қазақстанда 39,8 миллион жолаушы такси қызметін пайдаланды, бұл бір жыл бұрынғыдан 36,4% артық. Таксині ең көп қолданатындар – Батыс Қазақстан облысының тұрғындары. 9,7 миллион жолаушы, жыл сайынғы өсім – 5,7 есе. Одан кейінгі орында Астана мен Алматы, сәйкесінше 5,6 миллион және 4,8 миллион жолаушы.

Такси қызметі Жетісу (646,5 мың жолаушы), Атырау (706,1 мың жолаушы) және Ұлытау (716,8 мың жолаушы) облыстарында аз қолданылған.