5 қаңтардан бастап қаладағы қалыптасқан жағдайға және қабылданған қауіпсіздік шараларына байланысты жалпы 71 мыңнан астам бала қамтылған 860 мектепке дейінгі ұйымының жұмысы уақытша тоқтатылған.
ERNUR.KZ. 20 қаңтардан бастап балабақшалар өз жұмысын бастайды. Бұл ретте қаладағы эпидемиологиялық жағдай міндетті түрде ескеріледі, сондықтан балабақшалар кезекші топ режимінде жұмыс істеуі мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты, деп жазады baq.kz.
5 қаңтардан бастап қаладағы қалыптасқан жағдайға және қабылданған қауіпсіздік шараларына байланысты жалпы 71 мыңнан астам бала қамтылған 860 мектепке дейінгі ұйымының жұмысы уақытша тоқтатылған.
Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін, 20 қаңтардан бастап балабақшалар өз жұмысын бастайды. Бұл ретте қаладағы эпидемиологиялық жағдай міндетті түрде ескерілетін болады, сондықтан балабақшалар кезекші топ режимінде жұмыс істеуі мүмкін. Біз ата-аналарды және барлық қызметкерлерді мектепке дейінгі мекемелердің жұмыс тәртібі туралы қосымша хабардар етеміз,-деді Жылқыбаева.
Сонымен қатар ол 13 қаңтардағы Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты мектеп оқушылары 17 қаңтардан бастап қашықтықтан оқыту форматына көшетінін жеткізді.
Осыған орай қазіргі уақытта ұстаздар мен ата-аналар арасында қажетті түсіндірме жұмыстарын жүргізіліп, қауіпсіздік және басқа да мәселелер бойынша нұсқаулықтар өткізіліп жатыр. Айта кету керек, бізде қашықтықтан жұмыс істеу тәжірибеміз бар, мұғалімдер өткен жылы цифрлық сауаттылық курстарынан өтті және өз жұмыстарын онлайн режимінде жетілдіретін болады,-деді басқарма басшысы.
Қалада интернетке қатысты жағдай тұрақталып, мектептердің интернетке қосылуы қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда қосымша компьютер немесе ноутбукке, сондай-ақ интернетке қатысты сұрақтар бойынша ата-аналар мектептің бірінші басшыларына немесе аудандық білім бөлімдерінің басшыларына хабарласа алады және олар аталған мәселелерді шешуге көмектеседі.
Сонымен қатар ол 73 мыңнан астам студент білім алатын 83 колледж 24 қаңтардан бастап оқуды бастайтынын айтты.
Колледжер аралас оқыту форматында жұмыс істейді, атап айтқанда лекция сабақтары онлайн форматта болса, ал практикалық сабақтар санитарлық талаптарды сақтай отырып, икемді кесте бойынша оффлайн режимде ұйымдастырылады. Қазірдің өзінде колледж қызметкерлері арасында қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде,-деді ол.
Ал, қаладағы 23 қосымша білім беру ұйымдарында (17 мемлекеттік, 6 жекеменшік), жеке және 10 адамға дейінгі топтық сабақтар офлайн режимде жүргізіледі, қалған сабақтар онлайн өткізіледі.
Мұғалімдер мен ата-аналармен кері байланыс орнату үшін Білім басқармасында, аудандық білім бөлімдерінде және әрбір білім беру ұйымдарында 3-тоқсан басынан бастап бірнеше call-орталықтардың жұмысы іске қосылады, онда сұрақтарға жауап немесе кеңес алуға болады.