Алматыда дәрігер вакцинациядан кейін коронавирус жұқтырды

0
2 264

Дәрігер 2 наурызда "Спутник V" салдырған, айтуынша, ағзасы вакцинаны жақсы қабылдаған.


Алматыда дәрігер вакцинациядан кейін коронавирус жұқтырды

ERNUR.KZ. Алматыда дәрігер COVID-19-ға қарсы вакцина салдырғаннан кейін коронавирус жұқтырды. Ол вирус жұқтыру қаупі барын білетінін, десе де егілуге әлі де кеңес беретінін айтты, деп жазады Tengrinews.kz.

Гинеколог-эндокринолог Иван Мельников репродуктивті медицина институтында жұмыс істейді. Дәрігер 2 наурызда "Спутник V" салдырған, айтуынша, ағзасы вакцинаны жақсы қабылдаған.

"Менің медбикем және тағы бірнеше қызметкер вакцинациядан кейінгі алғашқы үш күнде әлсіздік сезді, денесі ауырып, дене қызуы 37,5 градусқа дейін көтерілді. Ал менде алғашқы бірнеше күнде мұндай белгілер байқалмады", - деді ол.

Алайда 8 наурызда кешке дәрігер аяғында әлсіздік сезген. Мельников мұны шаршау деп, аса мән бермеген. Бірақ келесі күні таңертең, дәрігердің айтуынша, ол "әлсіреп, құрғақ жөтелмен" оянған.

"Сағат 14.00-де қатты әлсіздік, ауырсыну мен арқа, аяқ ауруын сездім, бас ауырды, қызуым көтеріле бастады. 10 наурызда COVID-19-ға тест тапсырдым. Келесі күні кешке инфекция расталды. Жағдайым өте ауыр болды, әсіресе қатты әлсіздік шаршатты. Мен жедел жәрдем шақырылып, ауруханаға жаттым", - деп қосты әлі де ауруханада жатқан гинеколог-эндокринолог.

Иван Мельников вакцина коронавирус инфекциясынан толық қорғаныс бермейтінін біледі. Ол әлемдік медицинада "коронавирустан қорғаныс дәрежесін вакцинация нәтижесінде пайда болған антиденелер деңгейімен байланыстыруға мүмкіндік беретін" нақты мәліметтер жоқ екенін атап өтті.

"Біріншіден, антиденелер аз немесе жеткілікті мөлшерде пайда болуы мүмкін. Олар жеке адамға байланысты мүлдем дамымауы да мүмкін. Бірақ мұндай жағдайлар өте аз.
Екіншіден, ешкім антиденелердің қандай деңгейі вирус жұқтырмауға жеткілікті екенін сенімді айта алмайды. Бұл проблемалар әлемдегі барлық вакцинаға ортақ", - деді ол.