Алматыда коронавирусқа қарсы жаппай ревакциналау қараша айының соңында басталады.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Орталық қалалық клиникалық аурухана директорының орынбасары Эльвира Ибрагимова брифинг барысында мәлім етті, деп жазады Stan.kz.
Спикердің сөзінше, қала тұрғындарын ресейлік "Sputnik V", қазақстандық "QazVac" және қытайлық "Vero Cell" вакциналарымен қайта вакциналау жоспарланған.
"Бізде вакцина жеткілікті, ревакцинация қарашаның үшінші онкүндігінде басталады. Ревакциналау дегеніміз - адамдардың екпенің бірінші және екінші бөлігінен кейін алатын дозасы. Яғни сіз алғашқы екі дозаны аласыз, содан кейін үшінші - күшейткіш дозасы салынады. Бұны ревакцинация деп атаймыз", - деді Эльвира Ибрагимова.
Сонымен қатар, ол қандай вакцинамен қайта вакциналануға болатынын айтты.
"Біз ревакцинация кезінде алдыңғы екі дозаға ұқсас вакцинаны салдыруға кеңес береміз. Бүгінгі күні бізде вакцинаның екі түрі бар: инактивацияланған және векторлық вакцина. Векторлық - "Sputnik V", қалғаны - инактивацияланған вакциналар. Бұл ретте векторлық вакцина алған адамдар - тоғыз айдан кейін инактивацияланған түрімен қайта вакциналанады, ал инактивацияланған вакцина алған адамдар - алты айдан кейін векторлық түрімен қайта вакциналанады. Үшінші дозаны кез келген емханада немесе вакцинация пунктінде алуға болады. Егер инактивацияланған дозаны алсаңыз, онда векторлық дозаны алуды ұсынамыз", - дейді спикер.
Оның айтуынша, коронавирусқа қарсы ревакциналаудың алдында антиденеге тест тапсырудың қажеті жоқ. Ревакциналаудың мерзімі келгенде антидене талдауынсыз-ақ қайта екпе алуға болады.
"Егер адамдар талдау жасатқысы келсе, оған еш қарсылық жоқ. Бірақ бұл вакциналаудан бас тартуға себеп бола алмайды. Сондықтан бұл жерде антиденелердің деңгейі маңызды емес. Вакцинаның екі компонентін алып, уақыт өте келе антидене жоқ екенін көрген азаматтарға қайта вакцина алуды ұсынамыз", - деді спикер.