Алматыда «MadMen» тобының музыканттары есірткі сатты деген күдікпен ұсталды

0
735

Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлері былтыр қыркүйек айынан бері күдіктілердің бірін аңдыған.


Алматыда «MadMen» тобының музыканттары есірткі сатты деген күдікпен ұсталды

ERNUR.KZ. Алматыда танымал Q-рор тобының мүшелері есірткі заттарын жасап, сатты деген күдікпен ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Полицейлер 21-30 жас аралығындағы 10 адамды ұстаған. Топты басқарған – 1994 жылы туған азамат Х.

«Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлері былтыр қыркүйек айынан бері күдіктілердің бірін аңдыған. Қолда бар жедел мәліметтерге сәйкес, топтағы бір азамат бірнеше айдан бері Алматыда синтетикалық есірткіні жасаумен және сатумен айналысқан. Азамат Х.-ның және оның «көмекшілерінің» қылмыстық әрекеті ресми түрде құжатталған. Оның әр көмекшісінің рөлі нақты белгіленген. Мысалы, логистикалық компания арқылы Ресей Федерациясынан синтетикалық есірткі заттарын өндіруге арналған компоненттерді жеткізуге үш адам жауап берген, олардың бірі – қыз бала. Екі жас жігіт – кассирлер, өтінімдер қабылдауға жауапты болды. Тағы төрт ер адам – есірткіні белгіленген жерге жасырушылар, олар әдетте Наурызбай, Бостандық және Алатау аудандарында жұмыс істеген», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

Ұсталғандардың арасында танымал қазақстандық «Madmen» шығармашылық тобының мүшелері де бар екені анықталды.

«Синтетикалық есірткіні дайындап, сатты деген күдікпен ұсталған 10 адамның 2-еуі аталған шығармашылық топқа қатысы бар», - деді полициядан.

Санкцияланған тінтулер бірнеше мекенжайда жүргізілді. Есірткі зертханасына қажетті атрибутиканың көп бөлігі Алматы маңында жалға алынған үйден табылды.

«Ұсталғандардың айтуы бойынша, тәркіленген заттар – «мефедрон» есірткі заты. Сот-химиялық сараптама тағайындалды. Күдіктілер ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп қорытындылады Берік Әбілбеков.