Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасына төртінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған әйел шұғыл жеткізілді.
ERNUR.KZ. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, күрделі ота жасады. Ем нәтижесінде науқастың жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылды, деп жазады baq.kz.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдерінің мәліметінше, ауруханаға түскен кезде науқастың екінші дәрежелі комаға түскені, қан қысымының күрт төмендегені, жарақаттық және геморрагиялық шок алғаны анықталды. Сонымен қатар жамбас сүйектері бірнеше жерден сынып, кеуде тұсы ауыр зақымданған.
Алғашқы кезеңде дәрігерлер науқастың өмірлік маңызды ағза қызметін қалпына келтіруге бағытталған шұғыл шаралар қабылдады. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін оны отаға дайындады. Хирургтер зақымданған сүйектерді арнайы металл пластиналар мен бұрандалардың көмегімен бекітті.
Отадан кейінгі екінші күні-ақ науқасты біртіндеп қозғалысқа келтіру жұмыстары басталды. Кейінгі емдеу шараларының нәтижесінде денсаулығы біртіндеп жақсарды. Ауруханада 18 күн ем қабылдаған әйел қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастың өмірін сақтап қалуда шұғыл медициналық көмектің уақытылы көрсетілуі, дәрігерлердің кәсібилігі мен медицина мамандарының үйлесімді жұмысы шешуші рөл атқарған.


