Дүниежүзілік банк Қазақстанға "7-20-25" ипотекалық бағдарламасын жабуды ұсынды

0
62

Дүниежүзілік банк зерттеуінде Қазақстанның ипотекалық несиелендіру сегментінде мемлекет үстемдік ететін әрі ірі субсидиялар бөлінетін модельден бас тартып, теңгерімді тұрғын үй қаржыландыру жүйесіне көшу қажеттігі айтылған.


Дүниежүзілік банк Қазақстанға

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанға "7-20-25" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасын кезең-кезеңімен аяқтап, нарықтық несиелендіруге көшуді ұсынды, деп жазады stan.kz.

Бағдарламаны неге жабу ұсынылды?

Дүниежүзілік банк зерттеуінде Қазақстанның ипотекалық несиелендіру сегментінде мемлекет үстемдік ететін әрі ірі субсидиялар бөлінетін модельден бас тартып, теңгерімді тұрғын үй қаржыландыру жүйесіне көшу қажеттігі айтылған. Баяндама авторлары “7-20-25” бағдарламасының тиімділігін және оның Ұлттық банктің мандатына қаншалықты сәйкес келетінін бағалай отырып, оны біртіндеп тоқтатуды ұсынды.

Дүниежүзілік банктің есебінше, 2024 жылы мемлекет тұрғын үй секторын субсидиялауға шамамен 950 миллиард теңге (елдің ЖІӨ-сінің 0,7%-ы) жұмсаған. Ал Ұлттық банктің өзі қаржылық тұрақтылық туралы есептерінде мемлекеттік қолдау бағдарламалары сұранысты жасанды түрде арттырып, нарықтық баға белгілеуді бұзатынын және банктердің коммерциялық ипотекасын нарықтан ығыстырып жатқанын мойындаған.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) да осындай қорытындыға келген: арзан несиелер қарыз алу мүмкіндігін кеңейткенімен, түптеп келгенде пәтер бағасының шарықтауына әкеледі.

Соның салдарынан коммерциялық ипотека үлесі азайып барады. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының дерегінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында банктердің нарықтық ипотекалық өнімдерінің үлесі бір жыл бұрынғы 26%-дан 14%-ға дейін төмендеген. Нарықтың қалған бөлігін жеңілдетілген және квазимемлекеттік бағдарламалар алып отыр, ал негізгі несие көлемін Отбасы банк береді.

Halyk Finance сарапшылары нарықтық ипотекаға біртіндеп өту идеясын қолдады. Алайда билік ұзақмерзімді қаржыландырудың балама көздерін дамытып, табысы төмен азаматтарға атаулы көмекті сақтап қалуы тиіс екенін атап өтті.

“7-20-25” бағдарламасының тарихы мен көрсеткіштері

“7-20-25” бағдарламасы 2018 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Бес әлеуметтік бастамасы” аясында іске қосылды. Бағдарлама операторы — Ұлттық банктің еншілес құрылымы саналатын Қазақстанның орнықтылық қоры.

Бағдарлама шарттары:

  • Мөлшерлемесі: жылдық 7%;
  • Бастапқы жарна: 20%-дан басталады;
  • Мерзімі: 25 жылға дейін;
  • Талабы: соңғы 18 айда қарыз алушының және оның жұбайының атында баспана болмауы тиіс, тек құрылыс салушыдан дайын бастапқы тұрғын үй сатып алуға болады;
  • Баспананың ең жоғары құны: Астана, Алматы (қала маңын қоса алғанда), Ақтау, Атырау және Шымкент қалалары үшін — 30 миллион теңге, Қарағанды үшін — 25 миллион теңге, басқа өңірлер үшін — 20 миллион теңге.

Алғашқы төрт жылда бағдарламада қатаң жылдық шектеу болмаған: тек 2022 жылдың өзінде банктер 427,5 миллиард теңгеге несие берді. Алайда 2023 жылдан бастап Ұлттық банк қаржыландыруды жылына 100 миллиард теңгемен (тоқсан сайын 25 миллиард теңге) шектеді. Осыдан кейін квотаға кезек санаулы минуттарда толып қалатын болды.

Ұлттық банктің 2026 жылғы 29 қазандағы соңғы дерегіне сәйкес, бағдарлама іске қосылғаннан бері қазақстандықтар “7-20-25” арқылы 1,259 триллион теңгеге 87 327 несие рәсімдеген.

Алдағы уақытта баспана бағасы қалай өзгереді?

Жеңілдетілген бағдарламалардың әсеріне қарамастан, Halyk Finance сарапшылары 2026 жылдың соңына дейін және 2027 жылдың басында Қазақстанда тұрғын үй бағасының өсу қарқыны баяулайды деп болжайды.

2025 жылы және 2026 жылдың басында бағаның күрт өсуіне зейнетақы жинақтарының нарыққа құйылуы себеп болған: 2025 жылы БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайын жақсартуға аударылған қаражат 108%-ға өсіп, 824 миллиард теңгеге жетті. Алайда 2026 жылдың шілдесінен бастап ең төменгі жеткіліктілік шегінің өсуіне байланысты зейнетақы қаражатын алу азайған.

Сонымен қатар нарықтың салқындауына рекордтық құрылыс қарқыны да ықпал етпек: 2025 жылы 20,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2026 жылдың қорытындысы бойынша 20,4 миллион шаршы метр баспана тапсырылады деп күтілуде.

Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы қыркүйектегі дерегі бойынша, жаңа тұрғын үйлердегі ең қымбат шаршы метр Астанада (745,9 мың теңге) мен Алматыда (739,8 мың теңге), ал ең арзаны Оралда (339,2 мың теңге) тіркелген. Екінші нарықтағы баға бойынша Алматы (756,2 мың теңге) мен Астана (741,5 мың теңге) көш бастап тұр.