Қазақстанның бірнеше өңірінде құқық тәртібін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында әскери полиция органдары, әскери қызметшілер мен ҚР Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері бірлесіп патрульдеу ұйымдастырылған.
Әскери полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласында жоғары вольтты кабельді ұрлаудың алдын алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұр-сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, қала көшелерін Ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлескен патрульдеу барысында жоғары вольтты кабель ұрлауға әрекет жасаған төрт адамды ұстаған әскери полиция қызметкерлеріне алғыс хат табыстады.
Оқиға 21 желтоқсан 2019 жылы таңғы сағат 6-да орын алды. Патрульдеу бағытында әскери полицияның аға лейтенанты Айдос Сәдуов күдікті адамдар тобын байқаған. Екі адам жол бойында тұрған «Газель» маркалы автокөлігіне қарай барса, екі адам шахтадан жоғары вольтты кабелді жеткізді, ол кейіннен жоғарыда аталған автокөлікке тиелді.
Әскери қызметші жағдайды бақылай отырып, әскери автомобиль полициясының жүргізушісі сержант Жандос Шаймардиновқа «Газелді» бұғаттауға команда берді, ал өзі ұрыларды жүгіртіп ұстауды жүргізді. Әскери қызметші 102 патрульді шақыртып, одан кейін күдіктілер Алматы аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның бірнеше өңірінде құқық тәртібін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында әскери полиция органдары, әскери қызметшілер мен ҚР Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері бірлесіп патрульдеу ұйымдастырылған. Патрульдеу бағыттары криминогендік жағдайды, әскери бөлімдердің, көңіл көтеру орындарының орналасу орындарын, сондай-ақ әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері жинақы тұратын аудандарды ескере отырып әзірленді.