​«AMANAT» партиясы Президент Жолдауын қолдау мақсатында митинг өткізді

0
912

Митингке қатысушылар саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын қолдайтындарын білдіріп, арнайы транспаранттармен келді.


​«AMANAT» партиясы Президент Жолдауын қолдау мақсатында митинг өткізді

Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын қолдау мақсатында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен митинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда өткен бейбіт шеруге барлық саланың өкілдері қатысты. Олардың ішінде партия және қоғам белсенділерінен бөлек, Мәжіліс депутаттары, кәсіпкерлер, ғылым мен мәдениет саласының өкілдері, спортшылар, жастар және ел ертеңіне бейжай қарамайтын қала тұрғындары бар.

Митингке қатысушылар саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын қолдайтындарын білдіріп, арнайы транспаранттармен келді.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов жаңа сын-қатерлер жағдайында бәріміз бірігіп, Тәуелсіздігімізді қорғау, ата-баба аманатын кейінгі ұрпаққа тұтас жеткізу басты парыз екенін алға тартты.

«Біздің бағытымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз – көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз! Басқа партиялар билікке жетуді көздесе, біз ең әуелі Тәуелсіз Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істейміз! Ардақты ағайын, Абай атамыздан қалған аманат сөз бар: «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос». Сондықтан, күшіміздің бірлікте екенін көрсетіп, Жаңа Қазақстанды бірге құрайық! Біз біргеміз!», - деді Асхат Оралов.

Бейбіт митингке қатысқан ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов «AMANAT» партиясындағы оң өзгерістер елімізде саяси модернизациялаудың жаңа кезеңі басталғанының бір көрінісі екенін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары мен бастамалары еліміздің Конституциясында паш етілген құқықтық мемлекет құруға жол ашатынына сенім мол», - деді ғалым.

«Менің ұлтым – украин, бірақ жүрегім қазақ деп соғады! Себебі, мен осы елде туып-өстім, білім алдым, достарымның барлығы дерлік қазақтар», деген Қазақстан-Ресей медициналық университетінің 2-курс студенті Ариана Белобжицкая жастарды ең алдымен мемлекет мүддесі үшін қызмет етуге шақырды.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еліміздегі саяси реформалардың өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды.

«Әрбір қазақстандық дауыс беру және сайлану құқығын қолдана алуы тиіс. Демократияға, пікірлер плюрализміне балама жоқ. Бұл бүгінде бірден-бір саяси прогресс және ұлттық түлеу жолы», - деді халық қалаулысы.

«Қазіргі таңда бірлікке шақыру популизм емес, қажеттілік». Бұл – митингте сөз алған депутат Айдос Сарымның пікірі. Мәжілісмен барлық қоғамдық-саяси күштерді әріптестікке, бірге жұмыс істеуге, жаңа Қазақстанды бірге құруға үндеді.

Ал Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Максим Рожин қазіргі таңда қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, жастардың саны арта түскенін зор мақтанышпен жеткізді. «Менің туған елім – Қазақстан. Мен, Тәуелсіз елімізді өркендету жолында партияластармен бірге үлес қосуға қашан да дайынмын»,- деді ол.

Сондай-ақ, митингте Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Саясат Нұрбек, Динара Зәкиева, қалалық мәслихат хатшысы Станислав Канкуров, журналист Сергей Пономарев, кәсіпкер Ларион Лян, көпбалалы ана Сана Жандай, әнші Ибрагим Ескендір және басқалар сөз сөйледі.