Арал теңізінде балық жаппай қырылуы мүмкін – депутат

0
524

Оның айтуынша, теңіздің тартылуы салдарынан 3 мыңға жуық балықшы күнделікті нәпақасынан айырылып, 9 балық өңдеу зауыты мен 14 шағын цехтің уақытша тоқтап қалу қаупі бар.


Арал теңізінде балық жаппай қырылуы мүмкін – депутат

ERNUR.KZ. Арал теңізінде судың тұздылығы көбейсе, балық жаппай қырылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мархабат Жайымбетов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде Солтүстік Арал теңізінің тартылу жағдайы өңір халқын қатты алаңдатып отыр. Кейінгі 12 жыл ішінде теңіз көлемі 8,5 млрд текше метрге азайған. Яғни, үштен бірінен айырылды. Суы тартылған теңіздің орнынан көтерілген тұз бүкіл Орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналды. Салдарынан судың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге артқан. Ал егер судың тұздылығы 15 грамм/литрге жетсе, балық жаппай қырыла бастайды. 2020-2021 жылдары Арал ауданының аумағында қуаңшылық белең алып, 95 пайыз жайылымға шөп шықпай, жауын-шашын мүлдем болмаған. Оның үстіне, теңізге Сырдария өзені арқылы құятын су көлемі күрт азайды», - деді М. Жайымбетов Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, теңіздің тартылуы салдарынан 3 мыңға жуық балықшы күнделікті нәпақасынан айырылып, 9 балық өңдеу зауыты мен 14 шағын цехтің уақытша тоқтап қалу қаупі бар.

«Теңізге жыл сайын кемінде 3 млрд текше метр су түсуі қажет. Алайда, теңізге судың түсуі, әсіресе вегетациялық кезеңде қалдық принципі бойынша жүзеге асырылып келеді. Осыған орай, «AMANAT» партиясы Аралды алаңдататын барлық мәселелер бойынша толық шешімін табу үшін келесі іс-шаралар іске асырылу қажет деп санайды.

Біріншіден, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерімен вегетациялық кезеңде теңізге бөлек су лимитін белгілеу жөнінде және Фархад су торабынан төменге санитарлық су жіберу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықты ұзақ жылдарға жоспарлауға қол жеткізу керек.

Екіншіден, мемлекетаралық келісімді «кепілдендірілген келісім» статусын беруге қатысу маңызды. Себебі, Арал теңізіне бөлінген лимиттің сақталуын және орындалуын бақылап отырған ешқандай орган жоқ деуге де болады.«Қараөзек» арнасы бойындағы көлдер жүйесінде 1 млрд текше метрге жуық қысқы-көктемгі тасқын суды жинақтау мүмкіндігі бар. Ол үшін Қараөзек арнасының бойындағы 3 су тоспасын қалпына келтіру маңызды», - деді депутат.

Оның пайымынша, «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасына Дүниежүзілік Банктің қайтарымсыз гранты есебінен (1,5 млн АҚШ доллары) Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтудың нұсқалары бойынша тиімді шешім жасап, жобаны жалғастыру бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдаған жөн.