Қалқымалы көпірлердің шынжыры үзіліп кеткен.
ERNUR.KZ. Қызылорда облысы Арал ауданы аумағында Сырдария өзені үстінен өтетін қалқымалы көпірдің орнынан жылжып кету салдарынан үш елді мекенге жол қатынасы тоқтап қалды, деп жазады ҚазАқпарат.
Сырдария өзені арқылы Қазалы ауданы аумағынан қалың сел тосыннан келген. Салдарынан Қызылжар, Хан елді мекендері тұсында орналасқан қалқымалы көпірлердің шынжыры үзіліп кетті. Ол Хан ауылы тұсында 600, Қызылжар тұсында 1500 метрге дейін жылжып кетті. Салдарынан Аманөткел, Жаңақұрылыс, Қызылжар елді мекендеріне жол қатынасы тоқтап қалды.
«Қазіргі таңда Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпір орнына қойылып Жаңақұрылыс, Аманөткел елді мекендеріне жол қатынасы ашылды. Ал Қызылжар елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді орнына қоюға әзірге мүмкіндік жоқ. Себебі, дария бойында мұз байқалады. Төтенше жағдай уақытында қалқымалы көпірлердің дария бойымен ағып кетпеуіне және қайта қалпына келтіруге Қызылжар, Жаңақұрылыс, Аманөткел елді мекенінің тұрғындары және округ басшылары ұйымшылдықпен атсалысты», - деп мәлім етті Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амантай Тасқынбаев.