ТүркПа-ның бұл жолғы кезекті отырысы «Ормандардың табиғи байлығын қорғау және табиғи ресурстарды экологиялық тұрғыдан пайдалану» деген тақырыппен өтті.
ERNUR.KZ. Анкарада өткен Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы, Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар кеңесінің кезекті отырысында сенат депутаты Бекмырза Еламанов осылай деп мәлімдеді, деп жазады 24.kz.
Оның айтуынша, нақты нәтижеге аймақ елдері осы мәселе бойынша ынтымақтастық жасаған жағдайда ғана қол жеткізе алады. ТүркПа-ның бұл жолғы кезекті отырысы «Ормандардың табиғи байлығын қорғау және табиғи ресурстарды экологиялық тұрғыдан пайдалану» деген тақырыппен өтті. Оған парламенттік ассамблеяға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы, экология, табиғи байлықтарға жауапты өкілдері қатысты.
Бекмырза Еламанов, Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаты: - Өзіміздің ұсыныс-пікірлерімізді айттық. Оның бірі - Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ Арал теңізінің проблемасы. Бізде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тоқталдық. Дегенмен, бір мемлекеттің күшімен Аралдың экологиясын қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан барлық мемлекеттер оған атсалысу керек. Осы себепті ТүркПа-ның қабылдаған шешімдеріне осы мәселені енгізу туралы ұсыныс жасадық.