Әріптесіне пышақ ала жүгірген ақтөбелік полицей жазасын бостандықта өтейді

0
452

9 сәуір күні екеуі Ақтөбе облыстық Полиция департаменті ғимаратының жертөлесінде кездесіп қалып, арада жанжал туындаған.


Әріптесіне пышақ ала жүгірген ақтөбелік полицей жазасын бостандықта өтейді

ERNUR.KZ. Ақтөбе қалалық сотында жедел уәкіл Сапарбек Мырзакелдиевке қатысты қылмыстық іс қаралды. Әріптесіне пышақ ала жүгірген оған 4 жылға бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындалды, деп жазады inform.kz.

Қылмыстық оқиға биыл сәуір айында болған. Сот кабинетіндегі іс материалына сүйенсек, 2024 жылдың наурыз айында Ақтөбе облыстық ПД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі Т.Раманқұл ҚР ІІМ Жедел қызмет департаментінің Ақтөбе облысы бойынша Жедел қызмет басқармасына бір азаматқа қатысты арнайы іс-шараларды жүргізу туралы тапсырманы жолдайды. Бірінші бастамашы ретінде жедел уәкіл Т.Раманқұл, ал қосымша бастамашы ретінде жедел уәкіл С.Мирзакельдиев көрсетілген. Биыл 5 сәуір күні Жедел қызмет басқармасы бастығының орынбасары Е.С.Серікбаев бастамашылардан келген тапсырмаларды бақылауға алу журналын тексеріп, жедел уәкілдер Т.Раманқұл мен С.Мирзакельдиевтің өздері бастап, аяқсыз қалдырған тапсырмаларын анықтады. Кейін ол жайында басшыларға баяндаған. Осыдан кейін жедел уәкіл С.Мирзакельдиев WhatsApp арқылы Е.Серікбаевқа хабарласып, наразылығын білдіреді.

9 сәуір күні екеуі Ақтөбе облыстық Полиция департаменті ғимаратының жертөлесінде кездесіп қалып, арада жанжал туындаған. Ал кешкілік сотталушы С.Мирзакельдиев Е.Серікбаевқа қоңырау шалып, тұтқаны көтермеген соң «әңгімеміз аяқталмай қалды ғой, хабарласшы, нүктесін қояйық» деп хабарлама жазған. Түнде Алтын орда шағын ауданындағы моншаның алдында кездесіп, екеуінің арасындағы жанжал төбелеске ұласады.

С.Мирзакельдиев өзі мініп келген көлік есігінің жанынан пышақ алып, жәбірленуші Е.Серікбаевтің сол жақ кеудесіне және сол жақ білегіне екі рет соққы жасаған. Сотталушы С.Мирзакельдиев тағылған айыпты толық мойындап, өкінетінін айтып, соттан бас бостандығынан айырмауды сұрады. Жәбірленуші Е.Серікбаев сотталушыны кешіргенін, оған қояр ешқандай талабы жоқ екенін көрсетіп, оған бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

«Сапарбек Мирзакельдиев Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 49-бабы 1-бөлігіне сәйкес С.Мирзакельдиев майор арнаулы атағынан айырылсын. С.Мирзакельдиев жазаны өтеу кезінде жыл сайын жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылсын», - деді судья И.Исмаилова.