"Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ": Мемлекет басшысы Асқар Маминді қабылдады

0
1 383

Мемлекет басшысы еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың жаңа кезеңіне аяқ басқанын атап өтті.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша Премьер-Министр Асқар Маминнің жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу туралы ақпаратын тыңдады.

Мемлекет басшысы еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың жаңа кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. Оның айтуынша, аталған уәделерді орындау орталық пен өңірлерде, бірқатар заң жобалары мен басқа да нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуді қоса алғанда маңызды әрі үйлесімді жұмысты талап етеді.

«Жолдаудың уақытылы және сапалы жүзеге асырылуы ғана азаматтардың өмір сүру деңгейін арттырып, экономиканың құрылымдық жаңғыруын қамтамасыз етеді. Жолдауда қойылған міндеттер белгіленген мерзімде мүлтіксіз орындалуы тиіс. Үкімет жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу жөніндегі жұмысты бастағаны дұрыс болды. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Барлық министрліктер мен ведомстволардың, әкімдіктердің басшылары реформаларды тиімді және уақтылы жүзеге асыруға өздері жауапты болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.