Аталған ақша ипотекалық баспананың алғашқы жарнасы ретінде қолданылуы шарт.
ERNUR.KZ. Астана қаласының әкімдігі бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 100 адамға 1 миллион теңгеден берді. Аталған ақша ипотекалық баспананың алғашқы жарнасы ретінде қолданылуы шарт. Пәтерді үш айдың ішінде табу қажет, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл бастаманы Астана әкімдігі мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қолға алып отыр. Соның аясында жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлінді. Ол ақша 1 миллионнан 100 салымшының арнайы есепшотына түсті. Салымшылардың ішінде дәрігерлер, мұғалімдер, құқыққорғаушылар сияқты бюджет саласының қызметкерлері бар. Олар өздеріне бөлінген қаржыны алғашқы жарна ретінде пайдалануы тиіс. Келесі жылы наурыздың аяғына дейін пәтер табылмаса, ақшаны бюджетке кері қайтаруға тура келеді.
«Бұл «7-20-25» бағдарламасы емес. Дегенмен, банктің ішкі шарттары соған ұқсас. Салымшы алғашқы жарнаның 20 процентін жинауы тиіс. Содан кейін 7 проценттік ипотека 25 жылға беріледі. Бірақ пәтерді үш айдың ішінде тауып, ипотеканы рәсімдеп алу қажет. Үй жаңа тұрғын үйден алынуы шарт. Әйтпесе, әкімдіктің ақшасы бюджетке кері қайтарылады. Әзірше, ол ақша арнайы есепшотта жата береді. Барлық шарттар орындалғаннан кейін есепшот ашылады да, алғашқы жарна ретінде салымшының қаржысына қосылады», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Астана қаласындағы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.
Тұрғын үй куәліктері бүгін елорда әкімдігінде өткен арнайы жиын барысында табысталды. Шараға қала әкімі Бақыт Сұлтанов қатысты.