​Астана әуежайында бағасы қолжетімді асхана ашылды

0
2 830

Болашақта асхана аумағын кеңейтіп, қосымша орын ашу жоспарда бар.


​Астана әуежайында бағасы қолжетімді асхана ашылды

ERNUR.KZ. Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында алғаш рет қолжетімді бағамен асхана ашылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Аталмыш тамақтану орны ішкі бағытқа қатынайтын жолаушылар терминалында орналасқан. Келушілер алғашқы сәттен-ақ, жаңа асхананың қолжетімдігіне көз жеткізді. Мәселен, мұндағы орташа баға бір адамға 1000 теңге шамасында.

«Мен Астана әуежайына алғаш рет келіп отырмын. Мұндағы баға өзім тұратын Германиямен салыстырғанда едәуір арзан, тіпті салыстыруға да келмейді. Әлемнің көптеген әуежайларында түстік ас анағұрлым қымбат тұрады. Айталық, басқа әуежайлардағы бір бутербродтың құнына бұл жерде бірінші, екінші тамақ және тәтті шырын ішуге болады. Жолаушылар үшін мұндай орын өте қажет деп ойлаймын», - дейді Виктория Черепанова.

«Жібек жолы» асханасы басшысының айтуынша, арзан бағадағы дәмді тағамды ұсыну аса қиын емес.

«Бұған дейін әуежайдағы көптеген қызметкерлер мен жолаушылардың қымбат бағамен түстенуге мүмкіндіктері бола бермейтініне көз жеткіздім. Ал қазір кез келген адам осы жерде қолжетімді бағамен тойып тамақтана алады», - дейді асхана қожайыны Жібек Малыбаева.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарма төрағасы өз кезегінде асхананың ашылуы, бір қарағанда қатардағы іс болғанымен, оның көптен күткен шара екенін атап өтті.

«Біз жолаушылар терминалында көп жылдан кейін асхана ашуға қол жеткіздік. Қоғамдық тамақтану орнындағы қолжетімді баға әуежай имиджіне де тікелей байланысты. Асхана ашудағы мұндай әрекет әуежайдың атрибутына айналуы керек», - дейді Рәділбек Әдимолда.

Бұдан бұрын 270 шаршы метр аумақта мейрамхана болған еді. Кейіннен оның іші асхана үшін қайта жабдықталып, ішкі мазмұны өзгертіліп, жаңа жабдықтар әкелінді. «Жібек жолы» асханасында кез келген уақытта тамақтануға болады. 80 адамға лайықталған орын тәулік бойы жұмыс істейді. Болашақта асхана аумағын кеңейтіп, қосымша орын ашу жоспарда бар.