Қостанайлық 22 жастағы Гүлжан 28 сәуірде Астанадағы жеке клиникалардың бірінде мұрын қалқасын түзетуге арналған жоспарлы операцияға жатқан.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Астанадағы жеке клиникалардың бірінде мұрынға риносептопластика жасатқан 22 жастағы қыз алты айға комаға түскен, деп жазады tengrinews.kz.
Не болған?
Қостанайлық 22 жастағы Гүлжан 28 сәуірде Астанадағы жеке клиникалардың бірінде мұрын қалқасын түзетуге арналған жоспарлы операцияға жатқан. Қыз содан кейін алы ай кома жағдайында болған.
Туыстарының айтуынша, операцияны бес жылдық тәжірибесі бар пластикалық хирург және 24 жыл еңбек өтілі бар анестезиолог жасаған.
"Отадан кейін қызды ауыр жағдайда Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына (ҰШМҮО) жеткізді. Алғашқы екі ай жансақтау бөлімінде болды, кейін палатаға ауыстырылды", – деді туыстары.
Бүгінде Гүлжан оңалту орталығында ем алып жатыр, алайда оның жағдайы әлі де ауыр.
Туыстарының сөзінше, клиника полицияға арызданбау шартымен қыздың емін төлеуді ұсынған. Алайда ата-анасы бұл ұсыныстан бас тартқан.
"Бос уәделерге сеніп, алданып қаламыз ба деп қорқамыз", – дейді олар.
Денсаулық сақтау министрлігі пікірі
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті редакцияның ресми сауалына берген жауабында пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру жағдайын анықтау үшін тәуелсіз сараптамалық тексеру басталғанын хабарлады.
"2025 жылдың 9 маусымы мен 26 қыркүйегінде ЖШС-ға тәуелсіз сараптамалық комиссия жүргізу туралы хат жіберілді. Қазіргі уақытта клиника тексеру жүргізілетіні туралы жауап берді, оның нәтижесі бойынша өтініш берушіге және департаментке жауап жолданады", – делінген ведомство хабарламасында.
Департамент мәліметінше, клиника пациенттің еміне қаржылай көмек көрсетіп отыр. Клиниканың e-license базасында лицензиясы бар екені және ол денсаулық сақтау талаптарына сәйкес келетіні айтылды.