Арыстанбек Мұхамедиұлы сотқа онлайн қатысуда.
ERNUR.KZ. Астана қаласының Байқоңыр аудандық №2 сотында экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мен өзге де тұлғаларға қатысты іс бойынша сот отырысы басталды, деп жазады ulysmedia.kz.
Тергеу мәліметтері бойынша, А. Мұхамедиұлы, А. Нұразхан, А. Көшенов және А. Садуақасоваға бюджет қаражатын талан-таражға салу айыбы тағылған.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.
Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.
Тергелген қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 млрд теңге деп бағаланды.
Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы сотқа онлайн қатысуда. Ауа райына байланысты оны сот залына жеткізу мүмкін болмағаны хабарланды.