Ол автобуста балағат сөздер айтқаны үшін қамауға алынды.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Астанада ер адам автобуста телефонмен сөйлесемін деп 15 күнге қамалды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жолаушылар автобусы ішінде қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтың бейне жазбасы анықталды. Ер адам балағат сөздер айтып, агрессивті әрекет көрсеткен.
«Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері 51 жастағы ер адамды анықтап, Алматы аудандық Полиция басқармасына жеткізді. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке қамауға алынды», – делінген ПД хабарламасында.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Елорда тұрғындарын қоғамдық орындарда әдеп сақтау нормаларын ұстануға, жанындағыларға құрметпен қарап, құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырады.


