Кірпік ұзарту қызметіне байланысты дау төбелеске ұласып, соңы сотқа жетті.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Сұлулық салонындағы жанжал сот залында аяқталды: Астанада кірпік ұзартқан клиент пен шебер арасындағы төбелес қоғамның қызу талқысына түсті. Қызмет сапасына көңілі толмай, ақы төлеуден бас тартқан әйелдің айтуынша, косметолог оған шабуыл жасаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Астана қаласының тұрғыны А. Дарменбаева Threads әлеуметтік желісінде кірпік ұзарту рәсімінен кейін туындаған жанжалға қатысты жазба жариялады. Жазбада екі әйелдің төбелесі бейнеленген видео қоса берілген.
Жазба авторының айтуынша, 2026 жылғы 28 қаңтар күні кірпік ұзарту шеберіне жазылып, алдын ала қалаған нәтижесінің фотосын жіберген. Әйелдің сөзінше, рәсім барысында шебер көптеген қателік жібергендіктен, оның көзі қатты ашып, ауырсынған.
«Процедура барысында шебер менің табиғи кірпігіме желім құйып жіберіп, соңында күшпен жұлып алды», – деп жазды пост авторы.
Жарияланымға сәйкес, қызмет аяқталғаннан кейін клиент сапасына көңілі толмай, ақы төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін тараптар арасында жанжал туындаған. Әйелдің айтуынша, шебер оны бизнес-орталық ғимаратында соңынан қуып жетіп, екеуінің арасында төбелес болған.
Ол полиция шақырғанын және кейін сот-медициналық сараптамадан өтіп, дене жарақатын тіркеткенін мәлімдеді. Сондай-ақ оқиға орнында бейнебақылау камераларының жазбалары бар екенін, олардың өз ұстанымын растайтынын айтады.
Әйелдің сөзінше, кейін сот процесі өтіп, өз кінәлі деп танылған. Салдарынан, айыппұл салу және қылмыстық есепке қою түріндегі жаза тағайындалған. Алайда ол бұл шешіммен келіспейтінін және өз дәлелдеріне тиісті баға берілмегенін алға тартып отыр.
Өз cөзінде елорда тұрғыны жұртшылықтан жағдайға назар аударуды және істі объективті қарауға ықпал етуді сұрады.
«Azattyq Rýhy» редакциясы аталған оқиғаны назарда ұстап, Астана қаласы Полиция департаментіне ресми сұрау жолдады.


