Спартакиадаға 6-дан жоғары жастағы ниет білдірген жандардың барлығы қатыса алады
ERNUR.KZ. 27 қазанда Астанада мүгедектігі бар адамдар арасында ІІ қалалық Спартакиадасы жалауын көтереді, деп жазады ҚазАқпарат.
Аталмыш жарыс мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігіне орай жабдықталған биыл жазда ашылған Паралимпиадалық жаттығу орталығында алғаш рет ұйымдастырылмақ. Шара «Астана - рухы мықты жандар қаласы» бағдарламасы аясында өтеді.
Спартакиадаға 6-дан жоғары жастағы ниет білдірген жандардың барлығы қатыса алады, тіркеу шара өтетін жерде сағат 9:00-10:00 аралығында өтеді.
Тіркелу үшін жеке басты куәлайтын құжат, мүгедектікті растау туралы анықтама мен дәрігердің рұқсаты қажет. Спатракиаданың басталуы - сағат 10:00-де, жарыс сағат 16:00-ге дейін өтеді.
Регламент бойынша жарыс келесі спорт түрлерінен ұйымдастырылады: Үстел теннисі - ерлер, әйелдер және арбаға таңылғандар (тірек-қимыл аппараты бұзылған, есту органдары бұзылған) арасында;
Шахмат - ерлер мен әйелдер арасында (тірек-қимыл аппараты бұзылған, есту органдары бұзылған, көру органдары бұзылған);
Дойбы - ерлер мен әйелдер арасында (тірек-қимыл аппараты бұзылған, есту органдары бұзылған, көру органдары бұзылған);
Тоғызқұмалақ - ерлер мен әйелдер арасында (тірек-қимыл аппараты бұзылған, есту органдары бұзылған, көру органдары бұзылған);
Пауэрлифтинг - ерлер арасында (49 кг дейін, 60 кг дейін, 80 кг жоғары) және әйелдер арасында (50 кг дейін, 65 кг дейін және 80 кг дейін. Тірек-қимыл аппараты бұзылған);
Отырып ойнайтын волейбол - ерлер мен әйелдер арасында (тірек-қимыл аппараты бұзылған);
Бочча - В1 және В2 классификациялары бойынша (тірек-қимыл аппараты бұзылған);
Голбол - ерлер мен әйелдер арасында (көру органдары бұзылған);
Жарысқа қатысу үшін міндетті түрде спорттық дайындықтарыңыз болуы шарт. Мүгедектігі бар жандар арасындағы ІІ қалалық Спартакиада Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының және Астана қаласы әкімдігінің «Жігер» спорт клубының қолдауымен ұйымдастырылады.
Айта кетейік, бүгінде Астана қаласы әкімдігінің «Жігер» спорт клубында 17 спорт түрінен мүгедектігі бар 382 спортшы жаттығады. Еске салайық, өткен жылы І қалалық Спартакиадада 6 спорт түрінен 100-ден аса спортшы күш сынасты.