Олар жалған құжаттарды рәсімдеу арқылы көрсеткен қызметтері үшін 40 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін сыйақы алып отырған.
фото: Sputnik / Табылды Кадырбеков
ERNUR.KZ. Ақмола облыстық полиция департаментінің қызметкерлері елордада заңсыз көші-қон арнасын әшкереледі, деп жазады sputnik.kz.
Ауқымды арнайы операция нәтижесінде елорда аумағында заңсыз көші-қонды ұйымдастырған қылмыстық топтың жолы кесілді.
Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық схеманы Целиноград ауданы Талапкер ауылының 49 жастағы тұрғыны ұйымдастырған.
Ол Қазақстан аумағына келген шетелдік азаматтарды тауып, оларға уақытша тұруға, тіркелуге немесе тұруға ықтиярхат алуға жәрдемдесуді ұсынған. Бұл қызметке өзге тұлғалар да тартылып, қылмыстық топ құрылымдық түрде жұмыс істеген.
"Фигуранттар жалған құжаттарды рәсімдеу арқылы көрсеткен қызметтері үшін 40 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін сыйақы алып отырған", - деп жазылған хабарламада.
Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары айғақ заттар – құжаттар, мөрлер мен анықтамаларды тәркіледі. Қазіргі уақытта заңсыз көші-қон фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, топтың өзге де заңсыз әрекеттері мұқият тексеріліп жатыр.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр.