Астанада ССС-4, газ жылу станциялары мен КТҚ-2 салынып жатыр

0
109

Жыл басынан бері елорданың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп отыр.


Астанада ССС-4, газ жылу станциялары мен КТҚ-2 салынып жатыр

ERNUR.KZ. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 118,6%-ды құрайды. Инвестициялар 2,1 трлн теңгеге жетті. Өсім 23,6%, оның ішінде 66%-ы - жеке инвестициялар. ШОБ қала экономикасының негізі болып табылады. Ол жұмыс орындарының 70%-ын қамтамасыз етеді. Биыл қалада 73 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ға тең. 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Жыл соңына дейін 5 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылады деген жоспар бар. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ОКҚ алаңында өткен баспаөз конференциясында хабарлады.

Халық санының жыл сайынға өсімі қаланың жүктемесін арттырады. Қараша айында халық саны 1,6 млн адамнан асты. Орта есеппен халық саны жыл сайын 7%-ға артады. Елорда күніне орай қалаға 200 мыңға жуық адам келіп кетеді. Шамамен 100 мың адам Астанада тіркелмей тұрып жатыр.

Сол себепті қаланың инфрақұрылымдық дамуына ерекше назар аударылады. 2 жыл бұрын қала су мен жылу қуатының жетіспеушілігіне тап болды. №3 сорғы-сүзгі станциясы мен Астана су қоймасының екінші су құбыры желісінің аяқталуының арқасында қосымша тәулігіне 60 мың текше метр ауыз су қамтамасыз етілді. Жалпы қала тұрғындары тәулігіне 350 мың текше метр су пайдаланады. Ол алдағы 3-4 жылға жеткілікті. Биыл 4-сорғы станциясының құрылысы басталды. Ол қаланы алдағы 10 жыл бойы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар кәріз-тазарту құрылысының қуаты ұлғайтылуда, сол сияқты КТҚ-2 құрылысы басталды. Сондай-ақ қалада Көктал, Өндіріс тұрғын алаптарында және Индустриялық паркте жергілікті тазарту құрылысын салу жобаларын іске асыру қолға алынды. Аталған жобаларды 2027-2029 жж. аралығында аяқтау жоспарланып отыр, нәтижесінде су бұру мәселесі толық шешіледі.

«Жаңа жылу көздерін іске қосу нәтижесінде жылу жүйесінің қуаты 34%-ға артты, артық қуат көлемі сағатына 500 гигакалорияны құрайды. Қазіргі жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Мәселен, бүгін түнде ауа температурасы -20°C болған кезде жылу қорының профицит мөлшері сағатына 1500 Гкал/сағ жетіп отыр. Жылу қуатын сақтау үшін «Тельман» жаңа газ жылу станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ЖЭО-2-ні кеңейтуге дайындық басталып, ЖЭО-3-тің екінші кезегін жобалау жұмысы қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елорданы газдандыру жұмысы аяқталуға жақын. Қамту деңгейі 95%-ға жетті, газ 14 тұрғын алапқа тартылды. Келесі жылы бұл көрсеткішті 100%-ға жеткіземіз», – деп атап өтті Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.