Астанада теннистен Дэвис кубогының ойындары басталады

0
1 060

Қазақстан әлемдік топтың финалдық жолдамасын Португалия командасымен сарапқа салады.


Астанада теннистен Дэвис кубогының ойындары басталады

ERNUR.KZ. Бүгін Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде теннистен Дэвис кубогының ойындары басталады, деп жазады 24.kz.

Қазақстан әлемдік топтың финалдық жолдамасын Португалия командасымен сарапқа салады. Жекелей сындағы алғашқы ойын сағат 14:00-де басталады.

Қазақстан мен Португалия арасындағы Дэвис кубогының бірінші іріктеу кезеңін Александр Бублик пен Жоау Соуза бастайды. Жекелей сындағы екінші ойында Михаил Кукушкин мен Педро Соуза кортқа шығады. Сенбідегі жұптық матчта Қазақстан атынан Александр Недовесов пен Тимур Хабибуллин тіркелді. Олар Жоау Соуза-Гаштау Элиаш жұбымен кездеседі. Егер бұл үш матчта жалпы есептегі жеңімпаз команда анықталмаса, жекелей сындағы тағы екі ойын өтеді. Михаил Кукушкин Жоау Соузамен кездессе, Александр Бублик Педро Соузамен шеберлік байқасады. Жеңіске жеткен команда қараша айында Мадрид қаласында өтетін финалдық сайысқа жолдама алады.

Диас Досқараев, теннистен Қазақстан командасының капитаны: - Біздің ойыншыларымыз жеке жарыстарда бір-бірімен ойнаған. Михаил Кукушкин Жоау Соузамен екі рет кездескен. Есеп 1:1. Бір рет жеңген, бір рет жеңілген. Александр Недовесов Педро Соузамен кездескен. Бублик енді кәсіпқой турында енді жаңа ойыншы деп айтсақ болады. Бірақ та ойындар өте қиын болады. Біздің бірінші мақсатымыз тәртіпті сақтап керекпіз. Жоспарлаған стратегия-тактика бәрін білеміз. Біздің ойыншыларымыз дайын деп ойлаймын.

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасында «СКА» командасына азу көрсете алар емес Кеше қарсыластар елордада қарымта кездесу өткізіп, матч 3:2 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. 24 қаңтарда Санкт-Петербургтегі кездесу де дәл осындай нәтижемен аяқталған болатын. Астаналық хоккейшілер ойынды жақсы бастаған. 2-ші минутта Андре Петерссон «Барысты» алға жетелеген еді. Араға он минут салып Павел Дацюк таразы басын теңестірді. Үзілістен кейін «СКА» хоккейшілері нәтижені еселей түсті. Айдын иелері сапынан Даррен Диц есеп айырмасын қысқартты. Одан арыға «Барыстың» шамасы жетпеді.

Максим Семенов, «Барыс» ХК қорғаушысы: -Бізге сәл тәртіпті ойнау керек еді. Себебі ойын барысында көп ескертулер алып, команда азшылықта қалып отырды. Ал бір ойыншың кем болса, мұндай мықты командаға қарсы тұру қиын. Кездесу нәтижесіне әсер еткен шешуші сәттердің бірі осы деп ойлаймын.

Әйтпесе, беске бес жақсы ойнадық. «СКА» клубымен болған кездесуге 10 мың жанкүйер жиналып, «Барысқа» қызу қолдау көрсетті. Алайда айдын иелері көптің үмітін ақтай алмады. Астаналықтар келесі кездесуін ертең Финляндияның «Йокерит» командасымен өткізеді.

Андрей Скабелка, «Барыс» ХК бас бапкері: - Тамаша матч болды. Тек кей сәттерде осалдық таныттық. Жалпы команда жақсы ойнады. Бір ұпай алуға тырыстық. Енді келесі кездесуге дайындаламыз. Жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Олар командаға керемет қолдау көрсетті.

Жастар лигасы: «Қар барыстары» қарымта қайтарды «Барыс» ізбасарлары жастар хоккей лигасында «Түменнің легиондарынан» қарымта қайтарды. Астанадағы екінші ойын 3:1 есебімен аяқталды. Екінші кезеңде Максим Мусоров лигадағы алғашқы шайбасын соқты. Екі минуттан кейін Айдос Жорабек «Қар барыстарының» басымдығын дәлелдей түсті. Сосын Саян Данияр мергендік танытып, матчқа нүкте қойды. «Түмен» жігіттері жалғыз шайбамен жауап қатты.

Ресейлік команда алғашқы ойында 4:2 есебімен жеңіске жеткен еді. Сергей Старыгиннан тәлім алатын елордалықтар келесі кездесуін 7-8 ақпанда Магнитагорскіде өткізеді.