Асқар Забикулиннің артында әйелі мен екі баласы қалды.
ERNUR.KZ. Бүгін ауруханада жатқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин қайтыс болды, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманкулов, деп жазады Sputnik.kz.
Оның өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер бірнеше тәулік бойы аянбай еңбек етті.
Асқар Забикулин Астана қаласында болған өрт кезінде адамдардың өмірін құтқару үшін батырлық танытты.
"Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы Асқар Забикулиннің туған-туыстарына, жақындарына қайғыра көңіл айтады. Ол өз ісінің маманы ретінде жадымызда мәңгі қалады. Асқар ақжарқын адам, жауапты қызметкер, кәсіби өрт сөндіруші және сауатты маман болды. Әріптестері арасында әділ, өз мамандығын сүйетін қызметкер ретінде құрметке ие", - делінген хабарламада.
Асқар Забикулиннің артында әйелі мен екі баласы қалды. Ол небәрі 28 жаста еді.
Министрліктің хабарлауынша, қайтыс болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада Момышұлы даңғылындағы 15 қабатты үйде болған өрттен тұрғындарды аман алып шыққан өрт сөндіруші бірнеше күн ауруханада ауыр хәлде жатқан еді.