Астанаға кіреберісте жүк көліктерінің салмағын өлшейтін жүйе іске қосылды

0
201

Айыппұлдардың мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне байланысты және кәсіпкерлік түріне байланысты – шағын, орта немесе ірі – 40 АЕК-тен (147 мың 680 теңге) 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейін құрайды.


Астанаға кіреберісте жүк көліктерінің салмағын өлшейтін жүйе іске қосылды

ERNUR.KZ. Астана қаласына негізгі кіреберіс жолдарда автоматтандырылған өлшеу жүйесі іске қосылды. Құрылғы жолдардың бұзылуына жол бермеуге ықпал етеді. Жүк көліктері жүк тасымалдау барысында белгіленген нормадан асқан жағдайда әкімшілік шаралар қарастырылғанын ұмытпаған жөн, деп жазады inform.kz.

Автоматтандырылған өлшеу жүйелері іске қосылған сәттен бастап инспекция қызметкерлері салмақ параметрлерін ұстанбау және жүргізушілердің заң талаптарына бағынбау фактілерін тіркеп отыр. Мәселен, бұндай оқиға жақында Астананың айналма жолында, нақтырақ айтсақ Қызылсуат ауылының маңында тіркелді.

Бірнеше жүк көлігінің жүргізушілері көліктік бақылаудан бас тартып, оқиға орнынан қашып кетіп қалуға тырысқан. Оқиға барысында ауыр жүк көліктерінің бірі инспекцияның қызметтік машинасына механикалық зақым келтірді. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды, ал көлік айыппұл тұрағына жіберілді.

«Ауыр жүк көліктерін жүргізушілерден ережелерді қатаң сақтауға және белгіленген салмақ параметрлерінен аспауға шақырамыз. Бұл нормаларды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады», - деп атап өтті Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әлі.

Естеріңізге сала кетейік, «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңының 19-2-бабына сәйкес ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің негізгі функцияларының бірі республика аумағында ірі көлемді және ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүруін бақылау болып табылады.

Айыппұлдардың мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне байланысты және кәсіпкерлік түріне байланысты – шағын, орта немесе ірі – 40 АЕК-тен (147 мың 680 теңге) 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейін құрайды.

Осылайша, көлік құралдарының рұқсат етілген массасы төменде келтірілген нормадан (тоннамен) аспауы тиіс:

-үш осьті (М3 санатындағы буынды автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;
- төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осі бар – 32 тонна;
- бес осьті – 38 тонна;
- алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.

Жолдардың мерзімінен бұрын тозуына алып келетін негізгі факторлардың бірі рұқсат етілген массадан артық жүк тиеген автокөлік құралдары екенін атап өткен жөн. Жоғарыда аталған шаралар автомобиль жолдарының мерзімінен бұрын бұзылуы мен тозуын болдырмауға, сондай-ақ ауыр және ірі көлемді көлік құралдарын қадағалауға мүмкіндік береді.