Астаналық белсенді екі айға қамалды

0
1 240

Жабық сот процесі 1 желтоқсанда Астана қалалық тергеу сотында болған


Астаналық белсенді екі айға қамалды

ERNUR.KZ. Астаналық белсенді, тіркелмеген "Алаш" халықтық социал-демократиялық партиясының жетекшісі Сырым Әбдірахманов екі айға қамалды, деп жазады azattyq.org.

Бұл жайлы Азаттық тілшісіне оның адвокаты Төлеген Шаиков хабарлады. Шаиковтың айтуынша, жабық сот процесі 1 желтоқсанда Астана қалалық тергеу сотында болған.

Әбдірахмановтың үстінен астаналық шенеуніктердің бірі полицияға "көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-бап) бойынша арыз түсірген. Шаиковтың айтуынша, қазіргі кезде төрт бап бойынша партия жетекшісінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

"Төрт бап бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұлар: 274-бап, 1-бөлім ("Көрінеу жалған ақпарат тарату"), 380-бап, 3-бөлім, 1-пункт ("Билік өкіліне қатысты күш қолдану"), 407-бап, 2-бөлім ("Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау"), 378-бап, 1-бөлім, 1-пункт ("Билік өкілін қорлау"), - деді Төлеген Шаиков Азаттық тілшісіне.

Астана қалалық тергеу соты Сырым Әбдірахмановың екі айға қамалғанын растады. Астана қалалық ішкі істер департаментінен жауап ала алмадық.