Астық өндірушілер одағы: Биыл түсім мол болады

0
677

Бір ғана бидайдың таза түсімінің өзі 14 миллион тоннадан асып түсуі мүмкін.


Астық өндірушілер одағы: Биыл түсім мол болады

Күзде қамбалар дәнге толады. Қазақстанның астық өндірушілер одағы биыл түсім мол болады деп болжап отыр. Бір ғана бидайдың таза түсімінің өзі 14 миллион тоннадан асып түсуі мүмкін. Арпа мен күнбағыс та бітік шыққан, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Мұндай молшылық дүкендегі бағаға оң әсер етеді деп күтілуде. Бірақ таяқтың екі ұшы бар дейді астық одағындағылар. Көл-көсір өнім дәнді-дақыл бағасының құлдырауына әкеледі. Ал бұл диқандарға – шығын. Ала жаздай дән егіп терлеген шаруалар еңбегін ақтай алмай қалуы да мүмкін. Әрі бұған Ресейден импортталатын астық қосылады. Солтүстіктегі көршімізде де биыл егін бітік шығыпты. Осы жағдайларды ескеріп, Қазақстанның астық өндірушілер одағы үкіметке тиісті шаралар қабылдауды ұсынып отыр.

Мысалы, қыркүйектен бастап автомобиль арқылы астықтың барлық түрін және одан дайындалатын тауар әкелуге тыйым салу керек дейді олар.

"Биыл 1-шілдеден бастап Ресей өз өнімдерін Қазақстанға экспорттауға тыйымды алып тастады. Біз қазірдің өзінде Ресейден бидай мен күнбағыс тұқымдарының жеткізіліп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл фактор да Қазақстанда баға белгілеуге әсер етеді. Сонымен қатар биыл Ресейде барлық дақыл бойынша рекордтық өнім болады деп болжануда. Ресей шектеулерге байланысты өнімді сыртқа шығарудың дәстүрлі нарығын қолданады деп болжап отырмыз. Ол – Орталық Азия, Иран, Қытай және Қазақстан", - дейді Қазақстанның астық өндірушілер одағының төрағасы Нұрлан Оспанов.